«Шойын қазанмен ұрған»: Алматыда әйел мен 6 жасар қызды өлтірген ер адамға үкім шықты
Алматыда әйел мен оның 6 жастағы қызын асқан қатыгездікпен ұрып өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы, NEGE. Сотта ер адамның бұған дейін де адам өлтіргені үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды. Алайда ол қамаудан ертерек босатылған.
Сотталушы Боралхан Шалтабаев пен марқұм Ақбота Үсербай небәрі алты ай ғана таныс болған. Биыл 5 қыркүйекте екеуінің арасындағы жанжал қанды қылмысқа ұласқан. Ашу үстінде ер адам ас үйдегі шойын қазанмен әйелді баласының көзінше өлімші етіп сабап тастаған. Ауыр жарақат алған әйел сол түні ауруханада көз жұмады. Медициналық сараптама марқұмның ашық бас-ми жарақатын алғанын, бас сүйегінің бірнеше жерден сынғанын, миына қан құйылғанын растады.
Шалтабаев мұнымен тоқтамай, марқұмның зейнеткер анасын да бірнеше рет ұрып, есінен тандырған. Әйел жансақтау бөліміне жеткізіліп, бірнеше отадан кейін аман қалды. Сотталушы мұндай қатыгездікті көзбен көрген жалғыз куәгер 6 жастағы қызды да сол қазанмен бірнеше рет ұрған. Ауыр жарақаттан Көркем ес жимастан бірнеше күннен соң көз жұмды.
«Өмірімнің мәні еді екеуі, екеуінен айырылып, қазір не істеп, не қойып жүргенімді білмеймін? Көркемді өте жақсы көретін едім», – деді марқұмның анасы Ажар Сламова.
Сонымен қатар іс материалдарында тағы бір қылмыстық эпизод бар. Баланың шыңғырған дауысын естіген пәтер иесі есікті қағып, мән-жайды білмек болған. Алайда ер адам қылмысын жасырмақ болып, оны да темір қазанмен маңдай тұсынан ұрып құлатқан. Кейіннен қанға боялған темір қару Медеу ауданындағы тұрғын үйлердің бірінің қақпасының маңында жасырылғаны анықталды.
«Бәрі жақсы, бара беріңіз» деді. Мен «кетпеймін, полиция шақырамын» дедім. Балам кілтті әкелуге кетті. Сол кезде қолындағы қазанды көрдім, іші қан-қан болатын. Соған таңданып қарап қалыппын, басыма қатты соққы тиіп, есімнен танып қалдым», – деді жәбірленуші Әсем Исаханова.
Соңғы сөзінде сотталушы өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, қылмыс жасамағанын мәлімдеді. Алайда сараптама нәтижесінде қанға боялған темір қазанда Шалтабаевтың саусақ іздері табылғаны дәлел ретінде ұсынылды.
Мемлекеттік айыптаушы Боралхан Шалтабаевты аса қатыгездікпен екі немесе одан да көп адамды қасақана өлтіру және адам өлтіруге оқталу баптарымен айыптады. Судья Бақытжан Бәкірбаев сотталушыны өмір бойы бас бостандығынан айыру жөнінде үкім кесті.