29 Желтоқсан 14:58
...

Шоу-бизнес өкілдері келер жылдан не күтеді?

Фото:

Өнер адамдары үшін биылғы жыл қандай болды? Әншілердің қандай жаңалығы бар? Алдағы жылдан не күтеді? NEGE тілшісі жаңа жылдық кештер мен түсірілімдер арасында жүгіріп жүрген әртістерге сауал қойып көрді.

Қарақат ӘБІЛДИНА, әнші:

Қыдекең «Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері» атағын алды

– Биыл «Аллаға шүкір» дейтін жыл болды. Үлкен үйге көштік. Өңірлердегі Қарақат мектеп студиясының ұзын-саны жиырмаға жетті. Қыдекең «Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері» атағын алды. «Аманат» партиясына мүше болып қабылданып жатырмыз. Жаңа әндер жазып, шақырған жерден қалмай, барлық шараларға қатысуға тырысып жүрміз.  

Күні кеше өткен «Біз біргеміз» атты қайырымдылық мега-шоу концертінің шымылдығын жүз жетігенші шәкрітіммен ашып бердім. Осының бәрін қорыта айтар болсам, өткен жылға еш өкініш жоқ.

Алда қарсы алатын 2023 жыл біз үшін тіптен маңызды болмақ. Себебі, пандемия кезіндегі екі жылды есепке алмағанда, өнер сахнасында жүргеніме жиыра жыл толып отыр. Соған орай есеп беру концертімді өткізу жоспарым бар.

Ал мектептерімнің ашылғанына он бес жылға жуықтады. Осы қуаныштарымызды ауқымды түрде тойламақпыз. Оның бәріне үлкен қаражат пен  дайындық керек. Сондықтан құдай күш-қуат берсін дейміз. Қолымыздан келгенше елдің еңсесін көтеріп, мотивация беретін, достық пен сыйластыққа үндейтін  туындылар тарту етуге тырысамын. Себебі, ковид деген індет көп нәрсені түсіндіріп, барымызды бағалауға үйретті ғой. Елімізде әрдайым  бейбітшілік орнап, бала-шағамыз бен ағайын-туыстарымыз аман болып, ортамыз толсын деген тілегім бар.

Айдар ТҰРҒАНБЕК, «Жігіттер» квартетінің солисі:

Түркістан туралы ән жаздым

– Барыс жылы қиын басталғанын барша жұрт жақсы біледі ғой. Мәселен, Қаңтар оқиғасы қабырғамызды қайыстырды. Одан соң көршілес жатқан Ресей мен Украина елдері арасында соғыс басталды. Өкініштісі сол, соғыс әлі де жалғасып жатыр. Енді тез арада бейбіт жолмен шешімін тауып, екі жақ өзара мәмілеге келсе екен деген тілегім бар.

Ал өзім туралы айтар болсам, барыс жылы табысты жыл болды. Көптеген жоспар-жоралғыларымды жүзеге асырдым.

Мәселен, жаңарған Түркістанға ән шығару көптен бері ойымда жүрген еді. Сол әнді жазып бітірдім. Жұмысы төрт айға созылды, өте сапалы шықты. Сондай-ақ қызды болдым. Және жолым түсіп, үлкен қажылыққа барып келдім.

Жалпы, өз басым Алланың бергеніне шүкіршілік жасайтын адаммын, күпірліктен аулақпын. Алда келер қоян жылы да еліміз бен жеріміз үшін жақсы жыл болады деген үміттемін. Осы жолда ел президенті де  көптеген игі жақсылықтар жасайды деген сенімім бар.

Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ, ҚР Халық әртісі:

Ел болып мемлекет басшысын сайлап алдық

– Жылдың басында болған Қаңтар қырғыны бүкіл әлемді дүр сілкіндірді ғой. Әйтеуір кемшілігімізді түзеп, бір жолға түскен сияқтымыз.

Ел болып, жұрт болып мемлекет басшысын сайлап алдық. Қасым-Жомарт Кемелұлы енді жеті жыл мерзімде тұщымды тірлік жасап, барлығын жөн-жобаға келтіреді деп отырмыз. Бірнеше тіл білетін, шетелдік басшылармен ымыраға келе білетін білікті дипломат қой.

Үлкен роформалар орнап, әлеуметтік салада кедейшілік пен жұмыссыздықты  жою мақсатында түрлі қадамдар жасалып жатыр. Ірі және кіші бизнесті дамытуда да  түрлі бастамалар қолға алынуда.

Өзім ауылдағы ағайындарға алаңдаушылық танытып отырамын. Бұл жолда да түрлі бастамаларды қолға алып жатқан көрінеді. Егер ауылдағы жұрттың жағдайы түзелсе, күллі қазақтың жағдайы жақсарады деп ойлаймын. Келе жатқан жаңа жыл жаңа бастамаларға бастайтын табысты жыл болсын деп тілеймін. Еліміз бен жеріміз аман болсын!

Перизат ОМАРБЕКОВА, ҚР мәдениет қайраткері, биші:

Халқымыздың сана-сезімі өзгерді

– Барыс жылы мен үшін тамаша жыл болды. Қоян жылы да осы берген берекетінен айырмаса екен.

Жеке өмірімде өзгеріс болды деп айта алмаймын, бірақ шығармашылық жолда есте қалатын жетістіктер көп болды. Қазақконцерт ұжымындағы әріптестеріммен бірлесе отырып модерн-балет стиліндегі «Жанна Д,арк» және «Бақыт құсы» атты билерді ұсындық. Ал елдік тұрғыдан айтар болсам, халқымыз үлкен белестерді еңсеріп, сана-сезім мен тұрмыс-тіршілік тұрғысынан жоғары деңгейге көтерілген тәрізді.

Тегтер: