«Кеттік, бәрін таста» – Шоу-бизнесте қандай қызықтар бар?
Шоу мен тойда қатар жүретін әртістер тыңдарман мен көрерменге не әзірлеп жатыр? Қайрат Әділгерей мен Қанат Әлжаппардың Тұрсынбек Қабатовтан кеткені рас па? Ал Мәдина Сәдуақасоваға күйеуі берген сыйлық неге жақпай қалды? Тілшіміз тарқатқан топтамадан біліңіз.
Қайрат Әділгерей мен Қанат Әлжаппар «Ғасыр концертін» дайындап жатқалы, әзілсүйер қауымның ойы сан-саққа жүгіруде. Бірі бұл шығармашылық тандемнің тамаша боларын айтса, ендібіреулер «Тұрсынбектен бөлініп кетті» деуде. Алдағы айдан бастап Қазақстан бойынша тур ұйымдастырмақ актерлер әріптестері ұқсап қаладан қайтпай, аудан мен ауылдардағы өнерсүйер ағайындарды да қуантпақ. Қыркүйектің 30-ы күні ШҚО-ның Үржар ауданынан бастау алатын шығармашылық сапар желтоқсан айында Астанада тәмам болмақ. Қос әзілкеш осылайша ұзын саны 47 елдіменкенді араламақ.
Қанат пен Қайраттың бірлескен жобасы мұнымен бітпейді. Олар киносүйер қауымға «Кеттік, бәрін таста» атты комедия ұсынбақ. Туындыда әзіл әлемнің жұлдызы Уәлибек Әбдірайымов басты рөлдердің бірін сомдайды. Ресми трейлері шыққан фильм қазан айының 31-і күні үлкен экранға шығады. Сондай-ақ туындыдаға түсуге қазақстандық көрерменге «Супер келіншек» фильмі арқылы етене таныс Диана Ягофарова есімді танымал өзбек актрисасы да шақыртылған.
Алдыңғы жобасының кассалық түсімі қомақты болған соң ба, Дариға Бадықова да қайта кино түсіру қамына кіріскен. Ол көпшілікке ұсынған «Таптым-ау сені» комедиясының екінші бөлімін таспалады. Қазір өңдеу жұмыстары жүріп жатқан фильм 1 желтоқсан күні көрерменге жол тартады. «Бір жылда үш фильм түсірдім. Бірақ шаршадым деуге қорқамын. Ештеңеге тайсалмай жүретін қатынмын негізі», – деп мақтанды Бадықова жаңа жобасы жайында.
Ал Мәдина Сәдуақасова өткен туған күнінде түскен сыйлықтарды ақтарумен әлек. Әнші биылғы төл мерекесін жанына жақын адамдардың арасында ғана атап өтті. «Сыйлықты кім жақсы көрмейді?!» деген ол ұлы мен күйеуінің не тарту еткенін жасырмады. Мәселен, ұлы Әнуар жинап жүрген ақшасына анасына қымбат құлаққап алып беріпті.
«Күйеуің не сыйлады?» дейсіздер ғой... Машинаға қысқы дөңгелек» деді Сәдуақасова соңына смайликтерді селбестіре. Желідегі жұрттың арасында әншінің бұл қылығын жақтырмай қалғандар да табылды. Бірі туған күн иесіне тамаша тілектер жаудырса, «Осының бәрін жұртқа көрсетіп не керек, жеке бастың заттары» деп дүрсе қойғандар да бар.
Роза Әлқожа шетелге сапарлады. «Алматы – Стамбул – Венеция, Котор – Миконос – Санторини – Анкона – Венеция, Милан – Венеция – Милан, Үргеніш – Ташкент – Алматы сапары түрлі қызықтарға толы болды», – дейді әнші.
Дегенмен, бұл сапардың қызығы мен қатар шыжығы да аз болмапты. Роза Миконоста ақшасын ұрлатып алған. «Венециядан ұшқалы тұрғанда бір-бірімізге сеніп, төлқұжатымыздың Миланда қалып қойғанын түсіндік», – деген ол, нәтижесінде алған билетерінің күйіп кеткенін айтты. «Енді үйге аман-есен жетуді нәсіп етсін» деп отыр.
Төрт баланың анасы Салтанат Бақаева да құры қарап жатқан жоқ. «Арнау» тобының солисі «Неге қарадың?» атты трек жазып бітірді. Сиясы кеппеген туындының әні мен сөзін Ерһан Алданазаров жазған. Салтанат сондай-ақ жазда «Күзде келген көктем» атты телехикаяға түскен. «Басты кейіпкер болмасам да, менің линиям ұнайды», – дейді өзі.