Спорт
Шорт-тректен Азия чемпионы Абзал Әжғалиев спортшы ретінде мансабын аяқтады
Шорт-тректен Әлем кубогының және Азия ойындарының чемпионы Абзал Әжғалиев кәсіби спортшы ретіндегі мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.
Астана, NEGE. Спортшының жазуынша, ол шорт-трекпен алғаш рет 24 жыл бұрын танысқан. 2009 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғап келді. Осы жылдар ішінде Әжғалиев барлық қашықтықта Қазақстан чемпионы атанып, Қазақстан тарихындағы алғашқы Әлем кубогының алтын медалін жеңіп алды, сондай-ақ халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінді. Төрт Олимпиада ойындарына қатысып, екі мәрте Қазақстан туын Олимпиада аренасына алып шығу құрметіне ие болды.
«Спорт маған тек жарысуды емес, мінез, тәртіп, төзім және Отан алдындағы жауапкершіліктің не екенін үйретті. Осы жолда мен әр жарыс сайын Қазақстанның абыройын асқақтатуға бар күш-жігерімді салдым. Биыл кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым», – деп жазды шорт-трекші Instagram желісіндегі парақшасында.
Спортшы спорттағы мансабын жаттықтырушы ретінде жалғастырып, Қазақстан шорт-трегінің болашағы үшін еңбек етуді жөн көріпті.
«Алдағы мақсатым – осы жылдар бойы жинаған тәжірибем мен білімімді Қазақстан спортының дамуына арнау. Ұлттық құраманың жанынан табылып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беруді, Қазақстан шорт-трегінің болашағы үшін еңбек етуді өзімнің азаматтық әрі спорт алдындағы парызым деп білемін. Мен үшін ең маңыздысы – келесі буынның бұдан да биік белестерді бағындыруы», – дейді Әжғалиев.
Сондай-ақ шорт-трекші өзіне сенім білдіріп, қолдау көрсеткен отбасына, бапкерлеріне, командаластары мен дәрігерлерге, барша жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
«Қуанышымды да, жеңілісімді де бірге бөліскен әр жанкүйерге алғыс айтамын. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз маған әрдайым ерекше күш беретін. Алдағы уақытта да командамызды қолдап, шорт-трек спортын ұмытпауларыңызды сұраймын», – дейді Абзал Әжғалиев.
Сөз соңында спортшы спорттағы миссиясы аяқталмағанын, енді оның жаңа деңгейде жалғасатынын айтады.