19 Қаңтар 15:02
...

Шопандарға 55 жастан бастап әлеуметтік төлем тағайындалмақ

pixabay.com
Фото: pixabay.com

Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары жобасын мақұлдады, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Астана, NEGE. Кешенді жоспарда мал басын өсіруге, өнімділікті арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған саланы мемлекеттік қолдаудың тәсілдері мен тетіктері қаралды.

Үкімет өкілдерінің мәлімдеуінше, жоспарды іске асыру арқылы ірі қара мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа және ұсақ мал санын 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін ұлғайту көзделіп отыр. Сондай-ақ ет өндірісі 1,2 млн-нан 1,8 млн тоннаға дейін және оның экспорты 82 мыңнан 165 мың тоннаға дейін екі есе артады деп жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бірқатар бағыт бойынша саланы қаржылық қолдау шаралары кешені ұсынылатынын баяндады. Атап айтқанда:

  • Ауылшаруашылығы жануарларының барлық түрінің асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6% жеңілдікпен несие беру бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Қаржыландыруға жылына 300 млрд теңге бөлінбек.
  • Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін биыл қаржыландыру көлемі 50 млрд теңге болатын жылдық мөлшерлемесі 6%-бен бірыңғай жеңілдікті несие беру көзделген.
  • Қосымша 50 млрд теңге көлемінде мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылған.
  • Мал шаруашылығының бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жалпы сомасы 225 млрд теңге болатын, жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Ол мақсатта «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру тетігін қолдану көзделген.

«Кешенді жоспар жобасында саланы кадрлармен қамтамасыз ету, мал шаруашылығы қызметкерлері үшін әлеуметтік жағдайлар жасау, оның ішінде шопандар мен бақташылардың 55 жасқа толғаннан кейін арнайы әлеуметтік төлемдер алу құқығын қамтамасыз ету, мамандар үшін тұрғын үй құрылысын салу және тағы да басқа шаралар көзделген», – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек жобада тиімді маркетингтік инфрақұрылымды қалыптастыру және өткізу нарықтарын кеңейту көзделген. Ветеринариялық нысандарды жаңғырту бойынша жұмыс жалғасады, сондай-ақ сауда объектілерінде күнделікті бақылауды жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ мал иелерінің жауапкершілігін арттыру мәселесі пысықталып жатыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмысты үйлестіруді және барлық көзделген шаралардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.