4 Қараша 15:49
...

Шонжыдағы спорт кешені: Баталов «нысанның пайдалануға берілмей тұрып құлағаны жақсы болған»

Фото:

      Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылында салынып жатқан спорт нысанының опырылып құлап қалғаны туралы ақпаратты ең алғаш болып Nege.kz порталы берген. Нысанның құрылыс жұмысы 2019 жылы басталып, биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс болған. Сонымен, жалпы құны 1 млрд 171 млн теңгеге жобаланған нысан неге құлады? Бұған дейін бұл тұрғыда аудан әкімдігі де, Алматы облысы Құрылыс басқармасы да тұшымды жауап бермеді. 

     Nege.kz тілшісі бірнеше рет хабарласқанда алған мәлімет – тендерді ұтып алған «Лидер НК» компаниясы және оның басшысы Марат Қуанышбаев екені ғана.  Ал нысанның не себепті құлағаны жайында Алматы облысы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Усманбаев «оған адами фактор әсер етуі немесе сварщик жұмысты дұрыс істемеген болуы мүмкін...» деп жауап берген болатын.

Тақырыпқа орай:     Шонжы ауылындағы салынып жатқан нысан НЕГЕ қирап қалды?

                    Шонжыдағы жаңа құрылыстың құлауына «сварщик» кінәлі болуы мүмкін

 Миллиардтан астам қаржы бөлінген нысанның неге құлағанын тексеретін арнайы комиссия құрылғанын және комиссияның төрағасы Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашев екені де айтылды. 

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде есеп берген Алматы облысы әкімі Амандық Баталовқа Шонжы ауылында құлап қалған спорт кешені жайында да сауал қойылды. Облыс әкімі: 

«Бұқара халықтың салауатты салтын ұстану үшін әр өңірде спорт кешенін салуға тапсырма берілген. Оған қаржыны жергілікті бюджеттен бөлдік. Сондай-ақ, мұндай нысандарды салуға «Жол картасы» көмекке келді. Соның біреуі Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылында салынып жатқан еді. Оның құлау себебін анықтау үшін арнайы комиссия жібердік. КазНИИСА да өз қорытындысын берді. Нысанның құлауына мердігер компания кінәлі. Яғни, жобалау шешім бойынша қателік кеткен. Метал құрылысының түйісетін жерін төмендетіп жіберіп, салдарынан бір блокта құлап қалған. Мұның қайта пайдалануға берілмей тұрып құлағаны жақсы болғаны. 

Сондай-ақ, ол мұндай қателікке жол бермеу керектігін қаперге сала келе, «Авторлық және техникалық қадағалау өкілдері жіті бақылып отыру керек. Өкінішке қарай, тендер жүйесі осындай. Мердігер Түркістан облысының Сарыағаш қаласынан, ал жобалаушы Жезқазған қаласынан келген. Олар жұмыс істей алмайды дей алмаймын, бірақ жауапкершілікті алған соң, сапалы орындау керек. Ал шығын көлемі – 70-75 млн теңге. Біз оларға: «Бәрін талапқа сәйкес, орындап, межелі уақытта тапсырасыздар» дедік. Өз уақытында аяқтап, өткізбесе, санкциялық айыппұл салынады. Егер талапты орындамаса, бұдан кейін жауапсыз мердігерді мұндай жұмысқа тартпау мәселесін көтереміз», – деді облыс әкімі Амандық Баталов.  

Тегтер: