15 Маусым 19:01
...

Шөкеев «Жаңа Қазақстанда» НЕГЕ ескіше жұмыс істейді?

Фото:

Соңғы уақытта Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке қатысты жағымсыз гу-гу әңгіме жиілей түсті. Оған себеп – Түркістан облысы, Кентау қаласының әкімі Дәурен Мақажановтың 23 ақпан күні 98 500 АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікке ілініп, қамалғаны.

2019 жылы Шөкеев облыс әкімі болып тағайындалғанда Мақажановты жұрт алдында мақтап, Кентау қаласының әкімі етіп сайлаған-ды. Тікелей қоластындағы қызметкері жемқорлықпен ұсталғаны Шөкеевке ұрымтал тұстан қатты тиюі мүмкін.

Бүгін Елордада журналистер алдында алты айдың есебін берген Өмірзақ Шөкеевке біраз сұрақ қойдық.

                    Селтановтың ісі

Алғашқы сұрағымыз 2018 жылы Түркістан облысының Абай ауылында 7 жасар баланың зорлануына қатысты болды. Зорланған баланың есімі – Нұрсұлтан. Ол оқыған №74 мектептің директоры сол кездегі ОҚО ІІД Қылмыстық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Селтановтың жеңгесі, ал балаға сараптама жасаған дәрігер оның ағасы болып шықты.

Зорлық көрген бала әжесі екеуі Алматыға тәуелсіз сараптамадан өтуге бара жатқанда ІІД қызметкерлері оларды пойыздан түсіріп алғаны және бұл Б.Селтановтың тікелей бұйрығымен жасалғаны айтылды.

Осы оқиғадан кейін Бауыржан Селтановтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 1-бөлігімен «билікті немесе лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда қылмыстық іс тоқтатылып, Селтанов қазір облыстық ПД бастығының орынбасары лауазымына дейін өсті.

Біз Өмірзақ Шөкеевтен Селтановтың үстінен қозғалған қылмыстық істің жайы мен оның лауазымы қандай жолмен жоғарылағанын сұрадық.

«Ішкі істер саласы болғандықтан ондағы кадр мәселесі министрлік тарапынан реттеледі. Қылмыстық іс қозғалғанда сот процесі жүруі керек. Әркім арыз жазса, қылмыстық іс қозғала береді. Бірақ оның қылмысы әлі дәлелденген жоқ», – деген Шөкеев «бас жаққа» барысқысы келмейтін сыңай танытты.

Алайда Nege тілшісінің: «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Істі жіті назарыңызға алуға уәде бересіз бе?», – деген нақтылау сұрағынан кейін облыс әкімі: «Әрине, осы сіздің сұрағыңыздан кейін ол істі жіті қадағалайтын боламын, сұрастырамын», – деп уәде берді.

                  «Ставкасы» қымбат өңір

Осы жылдың басында, «әкімдікке еден жуушы болып жұмысқа кіру үшін 400 мың теңге, мектепке мұғалім болу үшін 1 млн 700 мың теңге пара беру керек» деген тұрғындардың жанайқайы әлеуметтік желіде ақпан айында кеңінен тараған болатын.

Тіпті, Түркістан облысындағы жемқорлық туралы отандық телеарналарда бірнеше мәрте «ток-шоу» бағытындағы бағдарламалар әзірленді. Алайда істің оңалғаны байқалмайды.

Бұл мәселенің жай-жапсарын Шөкеевтің өзі де білетін болып шықты. «Бұрын еден жуушыға дейін пара беріп кіреді деген ақпарат болған. Мен әкім болып келгенде жемқорлықты жою үшін қандай шаралар атқарамыз деп қызметкерлермен ақылдастым. Сол үшін арнайы цифрлы портал әзірлеп, қазір жұмысқа тұратын адамдар сол арқылы өтінім толтырады. Бүгінгі таңда 12 000 адам өтінім қалдырып, соның ішінде 5000 адам жұмысқа қабылданды», – деді әкім.

P.S. «Жуырда Өмірзақ Шөкеев қызметінен кетеді екен» әңгіме соңғы аптада тіпті үдеп кетті. оған себеп те жоқ емес. Егер де Президент Тоқаев «ескі кадр» Шөкеевті қызметінен босатса, оны жоқтайтындардың қатары аса көп болмайтын сияқты... 

Тегтер: