Шілдеде Қазақстанның кей өңірінде күн +50 градус ыстық болады деп болжанды
Шілде – Қазақстанда жылдың ең ыстық айы. Жекелеген күндері аптап ыстық күшейіп, солтүстік пен шығыста ауа температурасы +42...+43 градусқа дейін, орталық, батыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде +47...+48 градусқа дейін, ал елдің оңтүстігінде +50 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде «Қазгидромет» синоптиктерінің 2026 жылдың шілде айына арналған алдын-ала ауа райы болжамында айтылған.
Болжамға сәйкес, елдің солтүстігі мен шығысында ауаның орташа температурасы +18...+23 градус шамасында болса, оңтүстікте +28...+30 градус болады.
«Аптап ыстыққа қарамастан, шілде айында қысқа уақытқа салқындауы да ықтимал. Солтүстік және шығыс облыстарда түнгі уақытта ауа температурасы кей жерлерде +5 градусқа дейін төмендеуі мүмкін», – деп ескертеді мамандар.
Ал Қазақстанның солтүстігінде шілде айында жауын-шашынды жиі жауады деп болжанып отыр. Бұл өңірде найзағай ойнап, ал кей жерлерде нөсер жаңбыр жаууы мүмкін. Жекелеген аудандарда бір тәуліктің ішінде айлық жауын-шашын мөлшерінен де көп түсуі ықтимал.
Синоптиктердің хабарлауынша, найзағай көбіне елдің солтүстік, шығыс және таулы өңірлерінде күтіледі. Ал оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында бұршақ жаууы мүмкін.