2 Ақпан 11:21
...

ШҚО, Түркістан, Алматы облыстарында шекара маңындағы жерлер заңсыз берілген

gov.kz
Фото: gov.kz

Бұл жөнінде премьер-министр Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған.

Астана, NEGE. Үкімет басшысы мемлекеттік шекара маңында орналасқан жерлерді басқаруға қатысты берген жауабында 2018 жылдан кейін Жер кодексінің талаптары бұзылып берілген жер учаскелерін түгендеу және босату бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталып өткен.

Оның мәлімдеуінше, шекара маңындағы бірқатар өңірлерде жер заңнамасының талаптарын бұзу, оның ішінде 100 метрлік шекараға шектес алаптар аумағында жер учаскелерін беру және пайдалану фактілері анықталған.

«Оларды мемлекет меншігіне қайтару бойынша шаралар қабылдануда, соның ішінде құқық иелерінің ерікті түрде бас тартуы, жалдау шарттарын сот тәртібімен даулау, өтемақы төлей отырып сатып алу және мәжбүрлеп алып қою көзделген.

Ең көп заңбұзушылықтар Шығыс Қазақстан, Түркістан, Алматы облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында анықталды», – дейді Бектенов.

Жекелеген өңірлерде заңбұзушылықтар жойылған. Ал басқа аймақтардағы жұмыстар – жерге орналастыру жобаларын рәсімдеу, сот рәсімдерін жүргізу және өтемақыларды қаржыландыру мәселелері шешу сатысында екен.

Жамбыл облысында жер учаскелерін өтемақы төлей отырып сатып алу шарасы қолданылып жатса, ал Түркістан облысында кейіннен мәжбүрлі иеліктен шығару үшін жерге орналастыру жобалары әзірленген.

Алматы облысында жер учаскелерінің бір бөлігі қайтарылып алынған, қалғандары бойынша қайтару рәсімдері жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар жер учаскелерінің орман қоры жерлерімен және ерекше қорғалатын табиғи аумақтармен қабаттасу жағдайлары анықталған.

Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында жер учаскелерін алып қою және шекара аумағындағы алаптарды рәсімдеу шаралары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекарасын демаркациялау үдерісінің аяқталмауын және қолданыстағы заңнама аясында түпкілікті координаттардың болмауын ескере отырып, жүргізілуде.

«Ықтимал әлеуметтік-экономикалық салдарларды ескере отырып, 2018 жылдың мамырына дейін берілген жер телімдерін мәжбүрлеп иеліктен шығару мәселесі көтеріліп отырған жоқ. Жалдау мерзімі біткен соң мұндай учаскелер мемлекет меншігіне қайтарылуға жатады, жаңадан жер телімдері берілмейді», – делінген Бектеновтің жауабында.

Сондай-ақ ол жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларды орындау аясында бұрын жасалған жерді жалға беру шарттарын жоюға қатысты шараларды қолдану бірыңғай үкіметтік шешім қабылданғанға дейін уақытша тоқтатылатынын атап өткен.