ШҚО-да ұйымдасқан топ Қазақстан алтынын Ресейге мыс ретінде заңсыз тасымалдаған
Шығыс Қазақстан облысында апелляциялық сатыда «Қазцинк» ЖШС-дан құрамында алтыны бар концентратты ұрлап, оны Ресейге заңсыз экспорттау ісі қаралып жатыр.
Астана, NEGE. Келтірілген жалпы шығын көлемі 464,3 млн теңге деп бағаланып отыр, деп жазады inbusiness.kz.
Бірінші сатыдағы сот үкімімен қылмыстық схеманы ұйымдастырды деп айыпталған кәсіпкер мен теміржол станциясының күзетшісі 8 жылдан бас бостандығынан айырылды. Тағы сегіз адам 5 жылға, екі адам 3 жыл 4 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2022 жылы кәсіпкер ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған құрамында алтын бар концентрат ұрлаудың тәсілдерін меңгерген бұрын сотталған адамды, теміржол вагондарының қозғалысы туралы ақпаратқа ие күзетшіні және Ресейдегі мыс балқыту зауыттарымен байланысы бар азаматты тартқан.
Айыптау тарапының мәліметінше, топ Риддердегі «Қазцинк» өндірістік алаңынан құрамында алтын бар флотациялық концентратты ұрлап, алтынды өңдейтін жасырын зертхана ашқан. Сол жерде құрамында бағалы металы бар шикізатты мыс қожымен араластырып, жалған құжаттар арқылы Ресейдегі мыс балқыту зауытына мыс концентраты ретінде жөнелтіп отырған. Ол үшін Өскеменде өндірістік базалар мен жеке үй жалға алынып, сол жерде шикізат кептіріліп, өңделіп, алтын қорытылған.
Қылмыс 2024 жылдың қараша айында теміржол вагонын тексеру кезінде әшкереленген. Кейін теміржол бойынан қар астына жасырылған құрамында алтыны бар 47 қап концентрат табылды. ҰҚК қызметкерлері күдіктілерді ұстады. Тінту барысында құрамында алтын мен күміс бар 2,3 млн килограмнан астам шикізат, сондай-ақ екі алтын құймасы тәркіленді. Экспортқа дайындалған өнім Көкшетау және Жаңа Өскемен теміржол станциялары арқылы шетелге бағыт алған төрт вагонды тексеру кезінде де анықталған.
Сот кәсіпкерді ұйымдасқан қылмыстық топ құру, бағалы металдарды ұрлау және оларды заңсыз айналымға жіберу баптары бойынша кінәлі деп таныды. Сотталғандар кінәларын мойындаған жоқ. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Қазір оқып жатыр
Алматы және Алматы облысында электр энергиясы тарифін 8,3%-ға көтеру ұсынылды
Әбілқасымованы отставкаға жіберу туралы петицияға агенттік жауап берді
Таиландтан сәлемдеме алып жүрген алматылық жігіт 16 жылға сотталды
Ресейде кәмелетке толған азаматтарға әке-шешесін ата-ана құқығынан айыруға рұқсат етілмек