ШҚО-да темір кенін заңсыз өндіріп, 1 млрд теңге табыс тапқан кәсіпкер сотталды
Шығыс Қазақстан облысында «AK Metal» ЖШС басшысы темір кені мен темір кені концентратын заңсыз өндіргені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады. Тергеу мәліметінше, серіктестікке тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана рұқсат етілген. Алайда кәсіпорын зертханалық және технологиялық зерттеу жүргізу деген желеумен темір кені мен темір кені концентратын өнеркәсіптік көлемде өндірген. Кейін оны Қазақстан аумағында және шетелде сатқан.
Жалпы 70 мың тоннадан астам өнім заңсыз өндіріліп, сатылған. Қылмыстық жолмен алынған табыс 1 млрд теңгеден асқан.
«Кен өндіру жұмыстарының салдарынан топырақ жамылғысы бүлініп, жердің табиғи бедері мен ландшафты өзгерген, тау-кен қазбалары мен үйінділер пайда болған. Бұл аумаққа елеулі техногендік әсер тигізген», – делінген ҚМА хабарламасында.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, ЖШС басшысы темір кенін сатудан түскен қаражатқа Land Rover автокөлігін, бес бөлмелі пәтер, үш коммерциялық үй-жай, екі тұрақ орны және Алматы мен Алматы облысындағы екі жер учаскесін сатып алған. Құны 1 млрд теңгеден асатын бұл мүлікті сот мемлекет кірісіне тәркіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ.