ШҚО-да тарихи қорғандарды техникамен бүлдіру дерегін полиция тексеріп жатыр
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешенінде жер қазу жұмыстары жүргізіліп, тарихи қорғандарға зақым келген болуы мүмкін. Қазір мән-жайды полиция тексеріп жатыр.
Астана, NEGE. Әлеуметтік желілерде Шілікті өңіріндегі сақ қорғандарының аумағын 13 қарашада бульдозермен бүлдіргені туралы ақпарат тарады. Жазба авторы тарихи ескерткіштердің қорғалуы мен ұлттық мұраны сақтау мәселесіне алаңдаушылық білдірген.
Осыған байланысты Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі түсініктеме беріп, 13 қарашада полиция қызметкерлері оқиға орнына барғанын мәлімдеді.
«Кешен аумағында қазылған шұңқырларды "SRS" ЖШС-не тиесілі техниканың көмегімен көму жұмыстары жүргізілгені анықталды. Оқиға орнындағы азаматтардың жеке басы анықталып, материалдар полицияда тіркелді», – делінген әкімдік хабарламасында.
Сол күні тарихи-мәдени мұраны қорғау мамандары, археолог, әкімдік және полиция өкілдері аумақты тексерген. Жер қазу іздері фото және бейнежазбаға түсіріліп, тиісті акт жасалған.
Әкімдіктің мәліметінше, қар жамылғысына байланысты қорғандардың қазіргі жай-күйі мен ықтимал залал көлемін толық анықтау мүмкін болмаған. Сондықтан қорған аумағы келер жылдың көктемінде қосымша тексерілмек. Қажет болған жағдайда авариялық-құтқару археологиялық жұмыстары ұйымдастырылады.
«Оқиғаның мән-жайына құқықтық баға беру үшін тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына жолдау тапсырылды. Заң бұзушылық анықталса, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту шаралары қабылданады», – деп мәлімдеді әкімдіктегілер.
Облыс әкімдігі тарихи ескерткіштерді заңсыз қазу мен вандализмнің алдын алу үшін бақылауды күшейтетінін мәлімдеді. Сонымен қатар әкімдік өкілдері «Шағаноба» кешенінде қорғандардың табиғи қалпы мен тарихи келбетін сақтай отырып, ашық аспан астындағы музей кешенін құру мәселесі қаралып жатқанын атап өтті.