ШҚО-да қос азаматтық үшін 35 адам жауапқа тартылды
Шығыс Қазақстан облысында шетел азаматтығын алғаннан кейін уәкілетті органды хабардар етпей, Қазақстан құжаттарын пайдалануды жалғастырған азаматтар анықталды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде ШҚО полиция қызметі хабарлады. Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері 550-ден астам азаматтың Қазақстан азаматтығын жоғалтуы тіркелген. Олардың басым бөлігі басқа мемлекеттердің азаматтығын алған. Олардың кейбірі Қазақстанға кіру және әлеуметтік, зейнетақы және өзге де мемлекеттік жеңілдіктерді сақтап қалу мақсатында қазақстандық құжаттарды пайдаланған.
«Азаматтық саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 26 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған, тағы 9 азамат Қазақстан Республикасының паспортын немесе жеке куәлігін пайдалануды жалғастырған», – деп хабарлады поилция.
Солардың бірі – облыс орталығының 64 жастағы тұрғыны. Ол басқа мемлекеттің азаматтығын алғанын уақытылы хабарламаған және Қазақстан Республикасының құжаттарымен жүре берген. Тексеру барысында әйелдің құжаттары тәркіленіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқаны тіркелді.
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері Қазақстан заңнамасында қос азаматтыққа жол берілмейтінін, басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда мұны көші-қон қызметіне уақытылы хабарлап, Қазақстан Республикасының құжаттарын тапсыру қажет екенін ескертеді.