6 Ақпан 19:38
...

ШҚО-да арнайы интернаттан қашып кеткен жасөспірімдер сыртта үсіп қалған

Шқо
Фото: Видео-скрин

ШҚО-ның Серебрянск қаласында «Девиантты мінез-құлықты балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатынан» қашқан төрт тәрбиеленуші табылды. Бұл балалар сот шешімі бойынша девиантты мінез-құлық пен білім алудан жалтару себептерімен осы арнайы мектепке орналастырылған еді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Алматы, NEGE. ШҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Алима Ақылбекқызының айтуынша, 5 ақпанда кешкі сағат 20.30-да арнайы мектеп-интернаттың төрт тәрбиеленушісі интернат аумағынан қашып шыққан. Полиция қызметкерлері мен мектеп әкімшілігі шамамен үш сағаттан кейін, яғни сол күні 23 сағат 28 минутта жасөспірімдерді тапқан.

«Табылған жасөспірімдер медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді. Тексеру нәтижесінде алдын-ала қойылған диагнозы – бір баланың білегін екінші дәрежелі үсік шалса, үш бала табанның бірінші дәрежелі үсігін алғаны анықталды. Қазіргі таңда екі баланың денсаулық жағдайы тұрақты, олар арнайы мектепке қайтарылды. Ал қалған екі жасөспірім ауруханада ем қабылдауда», – деп түсіндірді басқарма өкілі арнайы брифингте.

Мамандардың айтуынша, бұл тәрбиеленушілер үнемі интернаттан қашуға бейім балалар қатарында. Тексеру бойынша балаларға қатыгездік көрсету фактілері анықталмаған.

ШҚО Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аксана Каленова бұл оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын полиция органдары анықтайтынын және өзі де бақылауда ұстайтынын айтты.