11 Шілде 17:38
...

Ішкі істер бөлімінде лауазымды қызмет атқарған офицер ана мен баланы 13 жыл құлдықта ұстаған

КТК
Фото: КТК

Анасы мен баласы 13 жыл құлдықта болған. Түркістан облысында қара жұмысқа жегілгендер құтқарылды, деп хабарлайды otyrar.kz.

Алматы, NEGE. Олар енді дағдарыс орталығында тығылып отыр. Себебі, Любовь Болдырева мен оның ұлы Никита Шардарадағы мал қора мен саунада еркінен тыс жұмыс істеген. Ал оларды құлдықта ұстаған Шардара аудандық Ішкі істер бөлімінде лауазымды қызмет атқарған офицер болып шықты. Анасы мен баласын полицейлер мамыр айының соңында жезөкшелер жұмыс істейтін саунаны тінтігенде тауып алыпты. Енді күдіктілер тергеуге алынғанымен оларға қарсы мәлімет бере алатын әйел мен баланы біреулер сотқа дейін ұрлап әкете ме деген күдік бар көрінеді. Сондықтан, Любовь пен оның ұлын қарулы жасақ күзетуде.

13 жыл құлдықта болған Любовь Болдырева туған ағасымен бірге 2011 жылы Шардарадағы саунаға жұмыс істеуге барып, қайтадан шыға алмай қалған. Саунаның лас шаруасынан бөлек, қожайындардың мал қорасынан шықпадық деген әйел қара жұмысқа жегілген. Осы жылдардың ішінде көрмегеніміз қалмады деген ол бірнеше мәрте қашып көргенін айтады.

– Бұрын тұрған үйімізді өз атына аударып, кейіннен сатып жіберді. Туған ағам, екінші күйеуім мен ұлым төртеуіміз күндіз-түні қожайынның әулетінің құлы болдық. Жұмыс істейсіңдер деп алдап шақырғанымен 13 жылда соқыр тиын да ұстатқан жоқ. Бірнеше мәрте қашып көрдім. Бірақ қайдан болсын тауып, ұрып қайтадан жұмысқа жегетін. Ағам бір мәрте полицияға да барған еді. Бірақ, Шардарада біздің қожайынға қарсы келер жан жоқ, – дейді Любовь Болдырева.

Қожайын деп отырғаны Шардараның ішкі істер бөлімінде лауазымды қызметтер атқарған офицер екен. Ол жылдар бойы жезөкше толы саунаның жұмысын жүргізіп, заңсыз тас пен құм қазумен айналысып келген көрінеді. 3 жасында құлдыққа түскен Никита да түнде құм тасып, күндіз мал қора тазалаған. Мектеп партасына отырып көрмеген 16 жастағы ұл қорада жүрсе де әріп танып, 100-ге дейін санай алады.

– Дұрыс істемесең сондай ұратын еді. – Нені дұрыс істемесең? – Жұмысты дұрыс істемесең ұрады да. – Немен ұрды? – Қолмен. Мамаң айтты ғой қолына түскенмен ұрады деп. – Иә. – Сенің құлағыңдағы тыртық неден? – Баласы ұрды, пышақ сияқты бірдеңемен. Мамама тиіспе деп болысып көрдің бе? – Жоқ, өйтіп айта алмаймын ғой. Ұрады мені. – Қорқасың ба? Иә да. – Қашып кету ойыңда болмады ма? – Жоқ. Қашатын жер жоқ еді ғой, – дейді Никита Болдырев.

Анасы мен баласының құлдықтан құтқарылуы да ойда-жоқта болған. Полицейлер заңсыз тас пен құм таситындарды аңдып, оларды жезөкше толы саунада демалып жатқан жерінен ұстаған. Арнайы операция кезінде 13 құлдықта болған адам кездейсоқ табылған. Қазір күдікті мен оның үш серігіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Гүлнар Абдужаппарова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы:

– Жедел уәкілдер притон ұйымдастырған күдіктінің үйін тінту кезінде әйел өзінің құлдықта болғанын айтты. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша куәгер боп отқан әйелдің барлық уәждерін полиция тексеруде. Ол дағдарыс орталығына орналастырылды. Сонымен қатар күдікті деп танылған ер адамға қатысты жер қойнауын заңсыз өндіру бойынша тергеу амалы жүргізілуде. Күдікті қамауда. 

Полиция қарулы жасақ қойып, жасырын орынға орналастырғанымен дағдарыс орталығындағылар маңызды куәгер саналған Любовь Болдырева мен оның ұлының қауіпсіздігі үшін алаңдаулы. Өйткені, орталықтың кеңсесіне олардың қайда екенін айтуды сұрап келетіндер көбейіпті. Ана мен балаға жан-жақты көмек көрсетіп жатқан мамандар құлдықта күштеп ұстағандардың сотын күтуде.

Дағдарыс орталығына келгелі қауіпсіздік үшін бірнеше мәрте орын ауыстырған ана мен бала бүгін тағы жасырын орынға жөнелтілмек. Оларға сондай-ақ қарулы жасақ та қойылыпты. Оларды күштеп ұстағандарға қатысты сот ісі аяқталған соң Любовь Болдырева мен Никита құлдықта бірге болған өзге жақындарын іздемекші.