«Шынайы Алматыға үнемі шығып тұратын боламын» – Дархан Сатыбалды

Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды мәслихат депутаттарының алдында сөз сөйледі.
Алматы, NEGE. Құрметті Олжас Абайұлы!
Құрметті Айбек Арқабайұлы!
Құрметті депутаттар!
Ең алдымен, Мемлекет басшысына берілген сенім үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер.
Алматы – бұл еліміздің ірі мегаполисі ғана емес, сонымен қатар мәдени, экономикалық, ғылыми және білім беру орталығы. Бұл бай тарихы бар, рухы ерекше және үлкен мүмкіндіктер қаласы.
Сонымен қатар, қаламызда бірқатар сын-қатерлер бар. Бұл, ең алдымен, экологиялық проблемалар, көлік жүктемесі, сапалы және тұрақты сумен жабдықтау мәселелері, инженерлік желілердің тозуы, тығыз құрылыс.
Біздің алдымызда қаланың одан әрі тұрақты дамуы және әрбір алматылықтың өмір сүру сапасына байланысты міндеттер тұр
Мені Алматы қаласының әкімі лауазымына тағайындаған жағдайда, менің жұмысым мынадай түйінді басымдықтарға негізделетін болады.
Көлік жүйесін дамыту және экологияны жақсарту
Қоғамдық көлікті дамыту әкімдік қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Күнделікті көлік кептелістерімен, жолдардың шамадан тыс жүктелуімен, атмосфералық ауаның ластануымен байланысты мәселелерді шешу үшін заманауи және экологиялық автобустарды сатып алу, автобус және троллейбус желілерін кеңейту, маршруттарды оңтайландыру және қозғалыс аралықтарын қысқарту қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ, метрополитен құрылысы қарқынды жүргізіліп, BRT желілері кеңейтіледі.
Алматы экологиялық тұрақты мегаполиске айналуы тиіс. Ол үшін сапалы көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, қоқыстарды бөлек жинау және кәдеге жарату, энергия тиімділігі және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі бастаманы қолдау, электромобильдер мен экологиялық таза технологияларға көшу үшін ынталандыруды енгізу қамтамасыз етіледі.
Тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігі
Жайлы қалалық орта базалық инфрақұрылымнан басталады. Біз коммуналдық желілер – сумен қамту, жылумен жабдықтау, электрмен қамтамасыз ету желілерін жүйелі модернизациялауды жүргіземіз.
Тұрғын үй қоры мен қоғамдық ғимараттардың сейсмикалық қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлетін боламыз.
Аудандарды абаттандыру, аулаларды, көше жарығын, тротуарларды, халықтың жүріп-тұруы қиын топтары үшін қолжетімді ортаны құру – мұның бәрі жәй ғана уәде емес, нақты мерзімдері мен нәтижелері бар жоспар болады.
Экономиканың тұрақты дамуы және кәсіпкерлікті қолдау
Алматы – бастамашыл және тапқыр адамдардың қаласы. Біз шағын және орта бизнеске жаңа қаржы құралдары, жеңілдетілген әкімшілік рәсімдер және индустриялық аймақтарды дамыту арқылы қолдау көрсетеміз.
Қала IT-саланы, стартаптарды, креативті индустрияларды, туристік және білім беру қызметтерін дамыту алаңына айналады.
Біз проблемаларды жедел шешу үшін бизнес пен жергілікті атқарушы органдардың тиімді диалог жүргізу жүйесін құрамыз.
Қолжетімді және сапалы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау
Сапалы қызметтер тұрғылықты жеріне қарамастан барлығына қолжетімді болу керек. Біз белсенді дамып келе жатқан аудандарда жаңа мектептер мен балабақшалар саламыз, жұмыс істеп тұрған оқу орындарын жаңғыртып, цифрлық білім беру технологияларын енгіземіз.
Денсаулық сақтау жүйесі емханаларды жаңарту, шалғайдағы шағын аудандарда жаңа медициналық пункттер салу, қызметтерді цифрландыру және салалық мамандарға қолжетімділік арқылы күшейтілетін болады.
Халықтың осал топтары – көпбалалы, қарт, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылатын болады. Қала әрбір адамға көңіл бөлетін болады.
Алматы жастар қаласы, еліміздің білім беру орталығы, креативті және тапқыр жастар тартылатын нүкте болып саналады.
Алматы – білім алуды, дамуды, жасампаздықты, елді өзгертуді қалайтындар үшін тартылыс нүктесі.
Жастарды, олардың бастамаларын қолдау, білім алу, бизнесті бастау, шығармашылық жобаларды іске асыру үшін инфрақұрылымды дамыту — менің жұмысымның негізгі басымдықтарының бірі болады.
Біз Алматыға білім алу үшін келген жас өзінің болашағы мен қаланың келешегін құру үшін осында қалатын жағдай жасауға міндеттіміз.
Ашықтық, диалог және есеп беру
Басқарудағы менің басты қағидаттарымның бірі жергілікті атқарушы органдардың ашықтығы және тұрғындармен тұрақты диалог жүргізу болады.
Қарқынды дамып келе жатқан мегаполисте тек кері байланыс, азаматтардың сенімі мен қолдауы арқылы тұрақты және әділ қалалық саясат құруға болады.
Сондықтан мен аудандарға — алдын ала дайындалған маршруттарға емес, аулаларға, мектептерге, базарлар мен көшелерге, яғни шынайы Алматыға үнемі шығып тұратын боламын.
Мен тұрғындармен тұрақты диалог жүргізу және қаланы дамыту үшін қабылданатын шешімдердің ашықтығы арқылы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуын қамтамасыз етуге міндеттенемін.
Құрметті депутаттар!
Әрбір алматылықтың мүддесі үшін өз міндеттерін жауапты және кәсіби орындауға кепілдік беремін. Тек күш-жігерді біріктіре отырып, біз Алматыны шынымен жайлы, жасыл, заманауи және қауіпсіз қалаға айналдыра алатынымызға сенімдімін.