«Шын жүректен кешірім сұраймын» – Шерзаттың ісі бойынша кәмелетке толмаған айыпталушы жәбірленушілерден кешірім сұрады

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Алматы, NEGE. Сотта айыпталушылар Д.Әскентай мен Н.Тоқтаубаев, А.Тоқтаубаевтан жауап алу аяқталды, кәмелетке толмаған сотталушы Думан Ысқақтан жауап алу басталды.
Айыпталушы Думан Ысқақ жауап берместен бұрын жәбірленушілерден кешірім сұрады.
«Құрметті сот, мен Ысқақов Думан Қайдарұлы жәбірленушілерден шын жүректен кешірім сұраймын. 3 қазан күні сағат 21.00 шамасында үйде болған кезде Тоқтаубаев Нұрбол маған хабарласқан екен. Мен қайта қоңырау шалып, не себепті хабарласқанын білмек болдым. Ол маған: «Кішкен ішімдік ішкен едім, көлігімді айдап берші сенен басқа ешкім болмай тұр», деді. Үлкен кісі болған соң, өтінішіне көндім. Екеуміз Рысқұлов ауылына Талғар қаласына түстік. Сосын ол Еламан деген досын апарып тастады. Нұрбол маған досын үйіне апарып, сосын өзін үйіне тастап кетуді айтқан. Мені таксиге салып жібермек болды. Досын апарып, келе жатқан кезде Тоқтаубаев Нұрбол Белқожаев Шыңғысқа хабарласты. Олардың қайда екенін сұрады. Сол кезде Белқожаев Шыңғыс «Эйфория» кафесінде екенін айтты. Сосын мен қайта береміз бе деп сұрағанда, 15 минут отырып қайтамыз деді. Біз кафеге бардық. Ол жерде Белғожаев Шыңғыс, Тоқтаубаев Азамат, Ілияс Нұрқияс, Сакиев Равиль, Шынасыл Абзал және маған таныс емес екі қыз отырды. Біз де отырдық, арада 10-15 минут аралықта Тоқтаубаев Нұрбол біреумен сөйлесіп жүрді. Маған: «Дархан деген досымды ұрып кетті, барып қайтайықшы», деді. Мен келістім.
Менделеев көшесіндегі «Қамажай» дүкенінінң алдына бардық. Біз барғанда Қаржаубай аға тұрды, Әскентай Дархан, Полатов Шерзат, Ғайыпбаев Нұрғанат тұр екен. Біз барған кезде ақшасын төлемегенін айтты. Тоқтаубаев Нұрбол ақшасын төлеп берді. Сол аралықта Әскентай Дархан Тоқтаубаев Нұрболға ренжіп кетіп қалды. Сосын біз Әскентай Дарханның артынан бардық. Ол негізі ақшаны төлегенін айтты. Тоқтаубаев Нұрбол қайтадан барамыз деді. Олар көліктен түсіп, сөйлесуге кетті. Мен көлікте отырдым. Біраз уақыт өтті. Алдыңғы видеолардан қарасаңыздар менің Қаржаубай ағамен сөйлескенім тұр. Мен көліктен түсіп, Қаржаубай ағадан барлық мән-жайды сұрағанмын. Ол маған барлығын түсіндіріп айтып берді. Оған Әскентай Дархан ақша Қалтаеваның шотынан түседі деген, бірақ ол Светлана деген кісіден түскенін айтты. Қаржаубай ағадан ренішіңіз бар ма деп сұрағанда, ол ренішінің жоқ екенін жеткізді. Мен өзімнің Әскентай Дарханды танымайтынымды, Тоқтаубаев Нұрболдың өтінішімен келгенімді айттым. Ол маған бәрін түсіндіргеннен кейін, «жақсы» деп кетіп, көлікте отырдым. Сол кезде Полат Шерзаттың балалары келді. Нұрбол аға сол кезде біреулермен сөйлесіп жүрдім. Мен қайта берейік деп айттым. Сол сәтте «Эйфория» кафесіндегі Белғожаев Шыңғыс, Тоқтаубаев Азамат, Ілияс Нұрқияс, Сакиев Равиль және маған таныс емес екі қыз келді. Шынасыл Абзал артынан таксимен келді. Олардың сөйлесіп тұрғанын көрдім. Мен көлікте отырдым. Ол камерада да тұр. Мен тарс еткен мылтықтың дауысын естідім. Қорқып, көлікті артқа қарай жүргіздім. Артқа қарай айдап, қарама-қарсы жақта тұрған дүкеннің алдына бардым. 6-7 минут өткен кезде Mersedes автокөлігі жанымнан өтіп кетті. Мен Нұрбол аға сол көлікпен кетіп қалды деп ойладым, өйткені тып-тыныш болып қалды. Тоқтаубаев Нұрболға көлігін қайтарып беру үшін Mersedes автокөлігінің артына жүріп отырдым.
Олар «777» дүкенінің алдына тоқтады, мен Нұрбол ағаға барып қайта берейік дегенде «күте тұр, ауылға шығамыз» деді. Сол кезде Шынасыл Абзалдың пышақты сүртіп отырғанын көрдім. Мылтықтың көлікте тіреліп тұрғанын көрдім. Маған Тоқтаубаев Нұрбол, Тоқтаубаев Азамат, Әскентай Дархан, Шынасыл Абзал Golf автокөлігіне отырды. Тұрар Рысқұлов ауылына бет алдық. Олар мені ауылдың шетіне түсіріп кетті. Ауылдың шеті мен үйіме дейін 2 шақырымдай жер бар. Мен үйіме қарай қайттым, ары қарай көлікті Тоқтаубаев Азамат айдап кетті. Мен үйге келгенде үйдегілер ұйықтап жатыр екен. Мен де жатып қалдым. Ертесі мектепке бардым, сағат 11.00 мен 12.00 арасында интернет желісінен Полатов Шерзаттың қаза тапқанын естідім. Соған қатысты 7 күдікті, екі қыздың ұсталғанын да білдім» – деді айыпталушы Думан Ысқақ.
Думан Ысқақтың айтуынша, дүкеннің алдында тұрған кезде кімнің мылтық атып, кіммен-кімнің төбелескенін, кімнің пышақ салғанын көрмеген.
Естеріңізге сала кетейік, кәмелетке толмаған айыпталушы Думан Ысқаққа 434-бап бойынша айып тағылып отыр. Өткен сот отырыстарында жауап беру кезінде Жұмабике Кадирова баласы Қаржаубай Нұрымовтың кәмелет жасына толмаған сотталушы Думан Ысқақты кешіргенін мәлімдеген болатын.