24 Қыркүйек 21:02
...

Шымкенттің жедел жәрдем қызметі Қазақстан бойынша үздік деп танылды

Фото:

Елімізде медицина саласын дамыту жұмыстары басты орынға қойылып келеді. Әсіресе, науқастарға алғашқы көмек дер кезінде көрсетілгені маңызды. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Қазақстан Республикасының Жедел медициналық көмек қауымдастығымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жедел медициналық жәрдем қызметі бригадаларының спартакиадасын өткізді.

Барлық өңірден 18 команда қатысқан спартакиада екі күнге созылды. Басты бәсекеде командалардың біліктілігі сынға түсті. Нәтижесінде, Шымкент қаласының жедел-жәрдем станциясы Қазақстан бойынша үздік деп танылды. 

Спартакиадада командалар манекендер мен стандартталған пациенттерді пайдаланды. Жедел жәрдем қызметі көрсететін барлық көмектерді тапсырма барысында орындап шықты.

Мәселен, жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге қалай көмек көрсетілетінін, әйел адамды қалай босандырып алуға болатынын, суға батқан адамға қандай көмек қажет екендігін,  балалар реанимациясын жүргізуді және жіті коронарлық синдромы бар ер адамды қалай құтқарып алуға болатындығын тәжірибе арқылы көрсетіп, барлығын жоғары деңгейде орындап шықты. 

Жарысты медицина саласының үздік мамандары бақылап, әділ төрелік етті. Олар медицина мамандарының әрбір әрекетін бақылап, командалардың тапсырманы орындау деңгейін барынша анықтап шықты. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Шымкент қаласынан келген команда үздік жедел жәрдем бригадасы болып танылды. Олар жарыс қорытындысы бойынша барлығы 159,5 балл жинаған. 

Екінші орынға – 159 баллмен Астана қаласының командасы шықты. Ал үшінші орынды – 143 балл жинаған Абай облысының қомандасы қанжығасына байлады. Жүлделі орын алып, үздіктердің қатарына іліккен командаларға ақшалай сертификат беріліп, мақтау қағаздарымен марапатталыды. 

Мұндай спартакиада медицина саласының мамандарының тәжірибесін шыңдауға, үздіктерді анықтауға жол көрсетеді. 

Тегтер: