Шымкенттегі шатақ: Генерал Дәлбеков НЕГЕ «ломбард кезуге» мәжбүр болды?

басқармасында болған шатақ туралы жазғанбыз. Естуімізше, Шымкент полициясының бастықтары алдымен «бүлдіріп» қойып, енді артын тазалай алмай әлек болып жатқан көрінеді.
Тұрақты оқырманымыздың айтуынша, Абай аудандық полиция басқармасының қоймасында әлдебір қылмыстық іс бойынша заттай айғақ ретінде сақталып тұрған, жалпы құны 45 млн теңгеге бағаланған 2 келіге жуық әшекей заттар қолды болған. Наурыздың 7-сі күні қоймаға өткізілген заттардың қай уақытта ұрланғаны белгісіз.
Оқырманымыздың айтуынша, алтын әшекейлердің ізі қаладағы 12 ломбардтан табылған көрінеді. Күдік бірден қоймаға жауапты полиция инспекторына түсіпті. Абай аудандық полиция басқармасы бастығының да жағдайы мәз емес деседі.
Бүгін шымкенттік тұрақты оқырманымыз хабарласып, тағы бір қызық дерек айтты. Оның айтуынша, кеше Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қайрат ДӘЛБЕКОВ Абай аудандық полиция бөлімшесінің 55 қызметкеріне сыйақы беру жөніндегі бұйрыққа қол қойыпты. Әрқайсысына бөлінетін сыйақы екі жалақы көлемінде екен. Жалпы сомасы – 23 млн теңге. Оқырманымыз тіпті бұйрықтың нөміріне дейін айтты – №953.
Тұрақты оқырманымыздың пайымдауынша, «55 қызметкерге сыйақы ретінде бөлінген 23 млн теңге ломбардқа өтіп кеткен әшекейлерді қайтадан сатып алу үшін қажет болуы мүмкін» көрінеді.
Оқырманымыздың осылайша пайымдауына себеп бар сияқты. Ши шыққан Абай аудандық полиция басқармасының қызметкерлеріне генерал-майор Дәлбеков не себепті сыйақы бермек? Керісінше, басқарма бастығы Нұржан ТІЛЕУОВТЕН бастап, жауапты қызметкерлердің бәріне «дүре соғуы» керек емес пе еді?
М.Бекеева.
NEGE тілшісі кешелі бері Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, жөні түзу түсініктеме ала алмады. Баспасөз хатшысы Мөлдір БЕКЕЕВА биыл 4-5 сәуір күндері қиын жағдайға түскенде (М.Бекеева басшылықтың қысымына шыдамай, суицид жасамақ болған – ред.) ең алғашқылардың бірі болып NEGE порталы ақпараттық қолдау жасаған болатын.
Ал бүгін «ақиқатшыл» Мөлдір Бекеевадан төмендегідей «қан-сөлі жоқ» коммент алдық.
«8 қарашада Шымкент қ.ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасына заттай дәлелдеме ретінде тәркіленген 1031,4 гр алтын бұйымдардың қайтарылмай жатқаны туралы жергілікті тұрғын арызданды.
Жайт ҚР ҚК 371-бабының 1-бөлігі (салғырттық) бойынша СДТТБТ-не тіркелді.
Қазіргі таңда барлық алтын бұйымдар заңды иесіне қайтарылды. Азаматша одан әрі тергеп-тексеруден бас тартып, полиция қызметкерлеріне қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін хабарлады».
Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Қ.Дәлбековтің не себепті Абай аудандық полиция басқармасы қызметкерлеріне сыйақы тағайындағанына қатысты сұрақтың әлі басы ашық.
Егер Дәлбековтің бұл сұраққа берер жауабы болмаса, біз Ішкі істер министрі М.Ахметжанов пен Бас прокурор Б.Асыловтан жауап алуға тырысамыз.