Шымкенттегі ЖОО-да 321 млн теңге жымқыру ісі сотқа жолданды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталғанын хабарлады.
Астана, NEGE. ҚМА мәліметінше, күдіктілер қатарында бұрынғы бірінші проректор, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары бар.
«Күдіктілер тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген немесе жасанды түрде қымбат бағамен сатып алынған, жалған мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасқан. Байланысы бар жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың шоттарына аударылған қаражат кейіннен қолма-қол ақшаға айналдырылып, қылмысқа қатысушылар арасында бөлінген», – делінген хабарламада.
Мысалы, осы схема аясында университет басшылығы нарықтық құны 200 мың теңгеден аспайтын бір креслоны 20 млн теңгеге сатып алған.
«Жеткізілімдердің жоқтығын жасыру мақсатында күдіктілер тозған мүлікті тауарлық-материалдық құндылықтарды балансынан формалды түрде есептен шығарып, оларды іс жүзінде пайдалана берген. Ал есептен шығарылған мүліктің орнына келуі тиіс жаңа тауарлар мүлдем жеткізілмеген», – деп мәлімдеді ҚМА өкілдері.
Нәтижесінде мемлекетке 321 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Тергеу барысында күдіктілер 264 млн теңгені ерікті түрде өтеген. Соттың санкциясымен олардың мүлкіне – 4 тұрғын үйге, 1 автокөлікке және банктік шоттардағы 40 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатқа бұғат салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.