Шымкентте полиция қызметкері бірге түскен суреттерін желіге салған қызды соққыға жықты

Шымкентте полиция қызметкері бірге түскен суреттерін желіге салған қызды соққыға жықты, деп хабарлады Otyrar.kz.
Алматы, NEGE. Соққыға жығылған қыз басынан өткен қорқынышты оқиға жайлы айтып берді.
Қыз сол күнгі оқиғаны үреймен еске алады. Шымкент тұрғынының айтуынша, маусым айында полиция қызметкері туысымен бірге жұмыс орнына келіп, оны қатты соққыға жыққан. Шабуылдан кейін учаскелік полиция қызметкері оны қызметтік көлікпен әдейі қағып кеткен. Ол дене жарақатын алды.
«Бәрі Instagram желісінен басталды. Мен оның әйелін танымаймын. Ол менің Instagram парақшама жалған аккаунтпен жазылған екен. Жақында менің туған күнім болған. Желіде онымен бірге түскен суреттер салынды. Бірақ бұл суреттерде одан да басқа бірнеше ер адамдар болды. Әйелі соны көрген екен. Сонда отбасында болған жанжалдары үшін мені көлікпен қағу керек пе», - дейді ол.
Оқиғадан кейін жәбірленуші полицияға арыз жазған. Іс «Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру» әкімшілік бабы бойынша қозғалды. Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамаған, кешірім де сұрамаған.
"Сот отырысында бұрмалауларды естіп мүлде таң қалдым. Ол өзін мені қоңырау шалып шақырып алды деп айтты. Бұл жағдайдан қалай шығуға болатынын заңгерлермен әбден кеңескені көрініп тұр. Өйткені осының бәрі орын алған күні маған оның полиция бөліміндегі басшылығы келіп, арыз жазбауымды өтінген еді. Себебі мен арыздансам олардың қызметіне кір келеді ", – деді ол.
Жәбірленуші жанжалға полицейдің әйелінің қызғанышы себеп болуы мүмкін деп күдіктенеді. Адвокат Әлімжан Сартбай бұл істе сәйкессіздіктер көп екенін айтады. Ол полиция бөлімінің басшылығына жүгінді. Алайда, әзірге нақты нәтиже жоқ. Ал учаскелік полиция қызметкері әлі де қызметте.
"Қақтығыстың неден туындағаны маңызды емес. Өйткені кез келген Қазақстан азаматының қорғануға құқығы бар. Бүгін полиция қызметкерінің неліктен оны ұрып-соққанын, содан кейін қызметтік көлікте бұл әйел мен тағы бір ер адамды неліктен қағып кеткенін түсіну керек. Біздің өтінішімізден кейін бір ғана куәгерден жауап алынды", - еді жәбірленушінің адвокаты.
Шымкент қалалық ІІД баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Тергеу құпиялығын алға тарта отырып, ведомстводағылар жанжалдың себебін нақты айтпады.
«Қазіргі таңда азаматтың өтініші бойынша Еңбекші аудандық полиция бөлімінің полицейіне қатысты Шымкент қалалық ОҚБК қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Бұл факті ДП басшылығының бақылауында», - делінген хабарламада.
Жәбірленуші материалдық және моральдық зиянды өтеуді талап етпейді. Ол тек әділдік пен істің шынайы зерттелуін қалайды.