Шымкентте жанармай тасымалдайтын көлік өртеніп, жүргізуші қаза тапты
Шымкентте жол апаты салдарынан жанармай тасымалдайтын көлік аударылып, артынша өртке оранды. Бір адам қаза тапты.
Астана, NEGE. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға 18 қарашада Шымкент қаласының Тұран ауданындағы Ташкент тасжолында болған. 112 шұғыл қызметінің пультіне шақырту 15:58-де түскен.
Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде жол-көлік оқиғасы салдарынан аударылған көлік толығымен жанып жатқан. Бұған қоса жолға төгілген жанармай тұтанған.
«ТЖД қызметкерлері өртті 60 шаршы метр аумақта сөндірді. Өрт толықтай сөндірілді. Көлік кабинасынан ер адамның мәйіті табылды», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап жатыр.