16 Қаңтар 14:42
...

Шымкентте ер адам 17 жастағы қызды үйлену үшін алып қашып, зорлады

Кашу
Фото: Abai.kz

Жеңгелері қыздың пәк екенін дәлелдейтін жаялықты көрсетіп, сүйінші сұраған.

Астана, NEGE. Шымкентте 17 жастағы студент қызды бейтаныс адамдар көшеде күштеп алып қашқан. Жәбірленуші оқиғаның бұрын болғанын айтып, әлі күнге ешкімнің жазаланбағанын айтты. Ол басынан кешкенін әлеуметтік желіде баяндады.

«Менің жасым 17-де, көпбалалы отбасынан шыққанмын, студентпін. Шымкент қаласында тұрамын. Мені бұрын-соңды көрмеген азамат алып қашып кетті. Үш-төрт жігіт жолдың бойынан ұстап алып, көлікке тығып, белгісіз бағытта жүріп кетті. Кейін олардың мақсатын кейін түсіндім, біреуі әйел қылып алмақшы болды. Мені Сарыағаш ауданына алып барды, үйіне келген кезде жеңгелері орамалын алып жүгіріп жүрді, салют атып жатты, камераға түсіріп жүрген адамдар көп болды. Олар алдын ала жоспарлап алып қашқан екен», – деді қыз.

Қыздың сөзінше, жеңгелері оны тағдырға мойынсұнып, қалу керегін айтқан. Ығына жығылмаған студенттің телефонын тартып алып, «өз еркіммен келдім» деп жазуға мәжбүрлепті. 

«Мен жасым 17-де екенін айтып, түсіндіруге тырыстым. Олар телефонымды алып алды, «өз еркіммен келдім» деген қолхат жазуымды бұйырды. Қоқан-лоқы көрсетті, қорқытты. Қолхат жазбайтынымды түсінген олар мені жыныстық қатынасқа мәжбүрледі. Олар «бұл үйден қыз болып шықпауың керек, дәстүріміз осындай» деп жыныстық қатынасқа түспесем, қамап отыратындарын айтты», – дейді қыз.

Бойжеткен жыныстық қатынасқа түскеннен кейін, жеңгелері жаялықты қонақтарға көрсетіп, сүйінші сұраған. Көпшілік бұдан кейін студенттің жағдайына мән бермеген. Ол осы сәтті пайдаланып қашып құтылған.

«Зорланған соң, менің жағдайыма ешкім мән бермеді. Сол сәтті пайдаланып мен ол жақтан қашып кеттім. Арада біраз уақыт өтті. Ешкім жазасын алмады. Қазір бауырларымның қасындамын. Олардың қатаң жазаланғанын қалаймын», – деді ол.

Әділдік таппаған бойжеткеннің ісі бойынша Nege.kz Шымкент қаласы полиция департаментіне сауал жолдап, мән-жайдың анық-қанығын білді. Департамент дерегінше, бүгінде қылмыстық іс қозғалып, аталған фактіге қатысы бар тұлғалар ұсталған.

«Шымкент қаласының тұрғынының арызы бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Барлық қатысушы полиция басқармасына жеткізілді. Істің барлық мән-жайын анықтау мақсатында қажетті тергеу іс-шаралары кешені жүргізілуде», – деді департаменттің баспасөз қызметі.

Тергеу аяқталған соң процессуалдық шешім қабылданады. Полиция кез келген заң бұзушылыққа төзімсіздік көрсететінін ескертеді.