16 Шілде 17:21

Шымкентте 15 жастағы оқушы қыздар еркектерге «боди-массаж» жасаумен айналысқан

массаж
Фото: бағдарламадан

Жасөспірімнің анасы кәмелетке толмаған қызының мұндай жұмыспен ақша тауып жүргені туралы сыныптасынан білген.

Алматы, NEGE. 15 жастағы оқушы қыздар интернеттегі жарнама арқылы жұмысқа орналасып, еркектерге «боди-массаж» қызметін көрсеткен. 

Енді жалғызбасты ана кәмелет жасқа толмаған қызы боди-массаж жасайтын орында жұмыс істегені үшін ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы әйел «Көреміз» бағдарламасына жүгініп, жағдайдың қалай болғанын әңгімелеп берді. Айтуынша, қызы құрбыларымен бірігіп жазғы демалыста жұмыс істеп, тиын таппақ болған. Алайда, боди-массаж жасап қызмет көрсететін жұмысқа орналасқан.

Шындықты білгеннен кейін әйел бірден құқық қорғау органдарына жүгінген. Интим қызмет көрсететін жерге барса, пәтерде қыздар мен тағы бір мас ер адам болған. Ал жұмысқа алғандар қыздардың мектепте оқитындарын білмеген көрінеді.

Шымкент прокуратурасының мәліметінше, іс ҚР Қылмыстық кодексінің «Кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту» бабы бойынша тергеліп жатыр.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында кәмелетке толмаған қыздар мен куәгерлерден жауап алынды. Қазіргі уақытта бұл іске қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Жиналған дәлелдемелердің негізінде қылмыстық қудалау органы іс бойынша процессуалдық шешім қабылдайды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге ​​жатпайды. Сондықтан толық ақпарат беру мүмкін емес», - деп көрсетті Шымкент қалалық ІІБ Әл-Фараби аудандық полиция бөлімі.