Шымкент төтенше жағдайларға қаншалықты дайын?
Төтенше жағдайдың алдын алу, оның салдарын жою қазіргі уақыттың өзекті мәселесі болып отыр. Төтенше жағдай болған жағдайда адамдарды құтқарудағы білікті іс-қимыл жасау, оларға қажет көмек көрсету және апат ошағында құтқару жұмыстарын тиімді ұйымдастыру адам мен материалдық шығынды азайтуға мүмкіндік жасайды.
Бұндай жағдайда тұрғындарға уақытылы көрсетілген құтқарушылардың көмегі қажет. Осындай табиғаттың тылсым күштерінің тосын сыйына төтеп беріп, халыққа қиын кезде көмек қолын созатын мекеменің бірі – Төтенше жағдайлар қызметі.
Nege.kz тілшісі Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің жұмысымен танысып, ұжымның тыныс-тіршілігін біліп қайтты.
Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін дамыту, саясатын жүргізу, қала аумағында болуы мүмкін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу, халыққа төтенше жағдайлар кезінде сауатты іс-қимылдарға үйрету, үгіт-насиахаттау жұмыстарын жүргізу – департаменттің негізгі міндеті.
Шымкент қаласы 2019 жылдан бастап республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болған. Қала аумағы кеңейтіліп, Түркістан облысының Төле би, Сайрам аудандарының бірқатар ауылдық округтері қосылып, нәтижесінде Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандарына қоса, жалпы көлемі 33 гектарды құрайтын және 200 мыңнан аса халқы бар Қаратау ауданы жаңадан құрылды.
Әрине, бұндай жағдайда қаланың адам саны да, жер көлемі де өседі. Өрт орын алған жағдайда тез арада ден қою мақсатында Қаратау ауданындағы Достық шағын ауданында республикалық бюджеттің есебінен жаңадан алты өрт сөндіру депосы ашылды.

Қазіргі таңда қала аумағында 9 өрт сөндіру бөлімі қызмет етіп тұр. «Республикалық маңызы бар қалаға бұл жеткілікті ме?» деген сауал туындайды. Сөйтсек, Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында Департамент аппараты үшін әкімшілік ғимараты бар 4 автомобильге арналған өрт сөндіру депосының құрылысы жүріп жатыр екен. «Нысан құрылысы 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына бітеді» деп жоспарланған.
Сонымен қатар, 2022 жылы Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Түркістан көшесі бойында орналасқан № 3 өрт сөндіру бөлімінің құрылысын бастау жоспарлануда, құрылыс құны – 559 млн теңге. Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 241 квартал, 702 уч. № 6 өрт сөндіру бөлімінің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Құрылыстың болжамды құны – 770 млн теңге.
Қаратау ауданы, Тұран шағын ауданында 4 шығуға арналған өрт сөндіру депосының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу басталды. Қайнар бұлақ саяжайында жедел-құтқару жасағының ғимараттары салынуы жоспарланған.
2020 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы (мемлекеттік әріптес) мен «құтқару техникасы» ЖШС (жекеше әріптес) арасында «Шымкент қаласының өрт техникасын жаңғырту және сервистік қызмет көрсету» жобасы бойынша жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) шарты шеңберінде жекеше әріптес кезең-кезеңімен 31 өрт және құтқару техникасын жеткізу жүзеге асырылды.

Департаменттің штат саны 942 бірлікті құрайды, оның ішінде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері – 84 бірлік, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі – 858 бірлік.
Тарқатып айтар болсақ, басшылық құрам 171, қатардағы құрам 670, әкімшілік мемлекеттік қызметшілер 12, азаматтық қызметшілер 89.
Маман дайындау процессі
Білікті мамандарды дайындау қай кезде де өзекті. Төтенше қызметті жанындай сүйген мамандарды дайындау М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясында жүзеге асырылады. Жеке құрамның біліктілігін арттыру мақсатында жылда осы оқу орнының негізінде біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады. Сонымен бірге, Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының Азаматтық қорғау академияларында дайындықтан өтеді. Жұмыс барысында түрлі жағдаяттарға тап болу ықтималдығы жоғары болғандықтан, мамандарға қойылар талап зор. Қызметкерлер біліктілікті арттыру курстарында физикалық, психллогиялық тұрғыдан түрлі дайындықтан өтеді. Мамандардың біліктілігі мен кәсібилігі үнемі қадағалауда ұсталынады.
«2023 жылы барлық қызметкеріміз, төтенше жағдайлар министрлігі ғана емес, басқа да құқық қорғау құрылымдарының мамандары да ҰҚК қызметкерлеріне төленетін жалақының 80 процентін алады. Қазіргі таңда азаматтық қорғау органдарында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру жоспарланып отыр. 2021 жылы өрт сөндірушілердің жалақысы 20-50 процентке өссе, келесі жылы тағы 29 процентке артады», – дейді департаменттің баспасөз қызметі.
Халықты дер кезінде түрлі төтенше жағдайлар туралы құлақтандыру мақсатында Шымкент қаласының әкімдігімен бірлесіп жұмыс атқарылуда. Нәтижесінде жалпы 72 дабыл-сөйлеу құрылғыларын сатып алуға сомасы 370 миллион 440 мың теңгеге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, 2020 жылы бұрын орнатылған «Вестник» құлақтандыру жүйесін «Марс-Арсенал» жабдығы базасында бірыңғай басқару пультіне интеграциялау жүргізілді.
Сонымен қатар, Департамент балансында сандық телеарналарды ұстап қалу жабдығы бар. Аталған жабдық «Қазтелерадио» акционерлің қоғамы филиалының телемұнарасы арқылы трансляцияланатын 26 телеарнаның және 3 радио арнаның эфирін ұстап алуға мүмкіндік береді. Нақты төтенше жағдайлар немесе қажетті іс-қимылдар туралы халықты хабардар ету үшін ұстап алу арқылы тиісті мазмұндағы алдын ала дайындалған бейнероликтер пайдаланылады. 2022 жылғы І тоқсан ішінде келіп түскен дауылды ескертулерге байланысты арналарды ұстап алу 46 рет іске қосылдып үлгерген.
Төтенше жағдайлар департаменті мен Шымкент қаласы құрылыс басқармасының бастамасымен және қаланың құрылыс компанияларының қолдауымен табиғи газдың шығуын анықтайтын датчиктер орнатылған көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді.
Бүгінгі таңда екі мыңнан астам үйде (2192) жалпы сомасы 81 миллион теңгеден асатын газ автоматты бақылау жүйесі орнатылған. 2022 жылға осындай жүйені 2454 (екі мың төрт жүз жиырма төрт) үйде (жалпы сомасы 90 млн.724 мың теңге) орнатылуы жоспарланып отыр.
Жаңарған департамент жаңалықтары
Шымкент қаласында өрт-құтқару спортын көпшілікке тарату үшін 2021 жылғы 12 қарашада Шымкент қаласында «өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігі ашылды.
Аталған салада спортқа ерекше көңіл бөлінеді. Сол үшін де жылдан-жылға қызметкерлердің кәсібилігі жоғарылап келеді. Федерация қызметі жұмысын нәтижелі ету үшін алдына 3 мақсат қойған. Оның алғашқысы – Шымкент қаласында өрт-құтқару спортын дамытуға жәрдемдесу, екіншісі – Шымкент қаласының өңірлік және республикалық жарыстарда таныстырулары және өрт-құтқару спортын насихаттау, сонымен қатар, дәріптеу.