Шымкент мұнай өңдеу зауыты Қытаймен серіктестік орнатпақ

Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесуге сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» және QazaqGaz компанияларының өкілдері қатысты, – деп хабарлады aikyn.kz.
Алматы, NEGE. Тараптар ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, бірқатар стратегиялық маңызды жобаларға ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Қазақстанда мұнай өңдеу көлемін ұлғайту үшін маңызды жобалардың бірі – Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту, мұнай-газ химиясы саласының дамуы үшін маңызды «Карбамид» жобасы, сондай-ақ елдің газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар «МаңғыстауМұнайГаз» және «Өріктау» кен орындары бойынша келісімшарттарды ұзарту, сондай-ақ табиғи газды жеткізу және тасымалдау мәселелері қарастырылды.
«Бұл жобаларды іске асыру Қазақстанның мұнай-газ саласын одан әрі дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. Біз қытайлық серіктестермен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және бірлескен күш – жігермен алға қойылған мақсаттарға қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз», – деп атап өтті Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмысты жалғастыруға, қосымша техникалық консультациялар өткізуге және өзара тиімді жобаларды іске асыру жөніндегі одан арғы қадамдарды келісуге уағдаласты.