11 Желтоқсан 15:36
...

Шымкент әкімі Берденовке жасалған қастандыққа қатысы жоқ екенін айтты

gov.kz
Фото: gov.kz

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысы жоқ екенін айтты.

Астана, NEGE. Баспасөз конференциясы кезінде журналист Ғабит Сыздықбековтен неге бұрынғы орынбасарына жасалған қастандық туралы пікір білдірмегенін сұрады.

«Мен не деп айтамын? Біз құқық қорғау органы да, сот та емеспіз. Оқиға болды, оны арнайы органдар қарады. Сот үкім шығарды, кінәлі өз жазасын алды», – деп жауап берді ол.

Қастандықтан кейін желіде түрлі жорамалдар тарады. Кейбіреулер Берденов қала жұмысын жолға қоя бастады, бірақ бұл біреулерге ұнамай қалды деп топшылады. Ғабит Сыздықбеков Руслан Берденовке оқ атылған кезде оның жұмыс істегеніне небәрі бір ай ғана болғанын еске салды.

«Баспасөз қызметі маған түрлі әңгімелерді көрсетіп отырды. „Ол келгеннен кейін қала жарқырай бастап еді, неғып тастады“ деген сөздер айтылды. Олай емес. Ол кісінің келгеніне бір ай толар-толмас уақыт өткен. Енді-енді кірісіп жатқан кезі. Ары қарай не болғанын білесіз», – деді Сыздықбеков.

Сот барысында айыпталушы Ернар Жиенбай күтпеген мәлімдеме жасаған еді. Оның айтуынша, жәбірленуші Берденов әкімді қаралап, қастандық жасауға сол тапсырыс берген етіп көрсетуін талап еткен-мыс. Берденов бұл сөздерді «манипуляция» деп атады.  Бүгін мұны Сыздықбеков те теріске шығарды.

«Әр адам өз ойына құқылы ғой. «Менің қатысым бар» деген сөз – іштен шығарған мәселесі. Менің оған қалай қатысым болады? Адам өзін қорғау үшін не демейді? Сол себепті оны қайта-қайта көтере берудің қажеті жоқ шығар», – деді әкім.

Естеріңізге салайық, биыл 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды. Оған оқ атқан Ернар Жиенбай 9 жылға бас бостандығынан айырылды.