Шымбұлақта шетелден келген туристер курорт қызметкерлерімен жанжалдасты
![Жанжал](/static/img/plug.jpg)
«Шымбұлақ» курортында шетел азаматтары жанжал шығарған. Аталмыш оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.
Алматы, NEGE. «Шымбұлақ» шипажайының әкімшілігі демалыс орнында 2025 жылдың 1 ақпанында болған оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Курорт әкімшілігінің мәліметінше, масаң күйде шетелдік туристер «Шымбұлақ» қызметкерлерімен жанжалдасқан. Қонақтардың біріне кассирді ұзақ күткені ұнамай қалған. Әуелі қызметкермен сөзге келіп, сосын көшеде алыса кеткен.
«Шетелдік қонақтар тобы мас күйінде тау шаңғы мектебінің қызметкерлерімен жанжал шығарды. Кикілжіңді курорттың қауіпсіздік қызметі тоқтатты. Құқықбұзушылар тәртіп сақшыларына берілді. Оқиғаға байланысты дереу ішкі тексеру жүргізілді, сондай-ақ белгіленген қауіпсіздік стандарттарына сәйкес қажетті шаралар қабылданды», - деп хабарлады «Шымбұлақтың» баспасөз қызметі.
Алматы қаласының Полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты барлығы 5 адам ұсталғанын мәлімдеді.
«Медеу аудандық полиция басқармасы бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Осы қылмысты жасады деген күдікпен бес адам қамауға алынды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Басқа да мән-жағдайлары анықталып жатыр», - деді полиция.