29 Қараша 17:47
...

«Шымбұлақ» тау шыңғысы курортында ски-альпинизмнен Қазақстан чемпионаты өтеді

Шаңғы альпинизмі
Фото: ҰОК

2024 жылдың 30 қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығында «Шымбұлақ» тау шыңғысы курортында ски-альпинизмнен Қазақстан чемпионаты өтеді.

Алматы, NEGE. Бұл – ски-алпинизмді спорт түрі деп танығалы бергі алғашқы жарыс және ұлттық құрама жасақтауға түрткі болатын дода.

Жарыс екі дисциплина бойынша өтеді. 30 қараша, сенбі күні спортшылар «Тік жарыс» форматы бойынша бақ сынаса, жексенбі күні (1 желтоқсан) ең қызықты дисциплина – «Спринт» бойынша сынға түседі.

«Тік жарыс» кезінде жоғарыдан жылдам түсу қарастырылмаған және бағыты «Комби 1» жоғарғы станциясының беткейімен талғар асуына барып тоқтайды. Ал «Спринтке» қатысатындар Сол Талғардың беткейімен жүріп өтеді.

Жарысқа Алматы, Шымкент, Өскемен, Петропавл қалаларынан, Ақмола, Қарағанды және Алматы облыстарынан спортшылар қатысады.

Бұл чемпионаттың маңыздылығы сол, спорт түрі деп танылғалы бері елімізде тұңғыш рет өтпек және жарыс нәтижесі бойынша жасақталған ұлттық құрама 2025 жылы ақпанда Харбинде өтетін қысқы Азия ойындарына қатысады.

Естеріңізге салайық, ски-алпинизм немесе скимо (Skimountaneering) – шаңғымен тауға жылдам шығу және жылдам түсу спорты. Спорттың бұл түрінен жарыстар Қазақстанда 2015 жылдан бері өтіп келеді. Ски-альпинизм 2021 жылдан бері олимпиялық спорт түрі болып саналады. Ал 2024 жылы қазақстандағы спорт түрлері реестріне енді.

Чемпионатты «Альпинизм және спорттық құзға шығу» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырса, өткізуші ұйым – «Экстремалды Атлетика» қоғамдық бірлестігі.

Жарысқа «Samruk-Kazyna» АҚ, Туризм және спорт министрлігі, «Туризма мен спорты қолдау» корпоративтік қоры қолдау көрсетті.