Шілдеде 50 теңгелік газдың мораторийі аяқталады. Үкімет енді не істемек?

Бүгін Үкімет отырысында елдегі газ бағасы мен газ экспорты 4 сағат көлемінде талқыланды. Қаңтар қақтығысынан кейін Үкімет сұйытылған газ бағасын 50 мен 75 теңге аралығында бекіткен болатын. Бұл мораторий 180 күнге жасалған. Яғни, осы мерзім 1 шілдеде аяқталады. Энергетика министрі Болат Ақшолақов бұдан былай сұйытылған газдың шекті бағасын ұстап тұру мүмкін еместігін айтты.
Газ нарықта 50 теңгеден сатылу үшін зауыттан шығар бағасының бір литрі 16 теңге болуы тиіс. Министр: «Бұл – өте төмен баға, өйткені зауыттарда жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы жұмсалады», – деп айтты.
«Қазір министрлік қажетті есептеулерді жүргізуде. Біз шығыс аймақтарға 2,5-5 млрд текше метр газ құбырын тартып жатырмыз. Ішкі тұтыну көлемі артса, 2024 жылдан кейін мүлде газ экспорттамаймыз деп ойлап отырмыз. Демек, бізде ішкі бағаны ұстап тұруға мүмкіндік болмайды. Газ бағасы көтеріледі», – деді министр.
Оның айтуынша, бағаны тұтынушылар тобына қарай белгілеу жоспарланып отыр. Тұтынушы топ үшке бөлінеді:
Біріншісі – халық және әлеуметтік қорғалмаған топ. Оларға төменірек баға болады.
Екіншісі – газдың нақты құнын төлей алатын және төлеуі керек тұтынушылар тобы. Олар экспортқа және валюталық кірістерге толығымен бағытталған кәсіпорындар, сонымен қатар майнерлер.
Үшіншісі – коммуналдық немесе әлеуметтік бағыттағы кәсіпорындарүшін газдың бағасы екі есе өсуі мүмкін.
Шәріпбаевтан қалған қарыз
Ақшолақовтан кейін сөз алған «QazaqGaz» АҚ Ұлттық компаниясының жаңа төрағасы Санжар Жаркешов біраз былықтың бетін ашты. Аты жаңарған «ҚазТрансГаз» компаниясы өткен жылы «Самұрық-Қазына» АҚ құрамына кіріп, Ұлттық компаниялардың қатарына енді. Артынша оның атауы – «QazaqGaz» деп өзгерді.
2022 жылдың 15 қаңтарына дейін ол компанияны Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы – Дариға Назарбаеваның күйеуі Қайрат Шәріпбаев басқарды. Шәріпбаев, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басқа күйеу балалары сияқты, қаңтар қақтығысынан кейін басты қызметінен кетті. Назарбаевтың күйеу баласынан кейін «QazaqGaz»-ды Ибулла Серді басқарды. Алайда, И.Сердіге өткен аптада Антикор іздеу жариялады.
Бүгінгі Үкімет отырысында «QazaqGaz»-дың жаңа басшысы С.Жаркешовқа сұрақтар қарша борады. «Қатын көп болса, қазан ошақ тыс қалады», – деп мақалдатқан Жаркешов бұрынғы бастықтарының көп былықтарын жасырмай айтты.«ҚазТрансГаз» кезінде шығын айтарлықтай мол болғанын да жасырмады.
«Президенттің аудит жасау және компания қызметінде транспаренттілікті қамтамасыз ету туралы тапсырмаларына сәйкес, нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде 937 млрд теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық заң бұзушылықтар табылып, оның ішінен 123 млрд теңгесі құқық қорғау органдары анықтады», – деді ол депутаттар алдындағы есеп беруінде. Бірақ әншейінде сұрақ қойғанда көсіле сөйлейтін депутаттар бұл жолы Шәріпбаев тұсындағы шығын туралы толық есепті сұрамады.