5 Наурыз 15:20
...

Шикі мұнайдан – химияға. НЕГЕ біз үшін мұнайгаз-химия өндірісі ауадай қажет?

Фото:
Энергетика министрлігінің

ақпаратынша, Қазақстанда 2025 жылға дейін 5 жаңа мұнайгаз-химия зауыты салынады. Егер аталған жоспар іске асса, бұл біз үшін орасан маңызы бар экономикалық құбылыс дер едік. Себебі енді шикі мұнай емес, мұнай өнімдерінен алынатын түрлі полимерлер өндіретін елдердің дәурені жүрмек.

Оның алғашқы құжаттық негіздемесі – Мұнайгаз-химияны дамыту жөніндегі ұлттық жоба. Жобаны қазіргі таңда Энергетика министрлігі әзірлеп жатыр.

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев. Фото: primeminister.kz

«Жоба проблемалық мәселелерді, атап айтқанда, мұнайгаз-химия жобаларын шикізатпен қамтамасыз ету, мұнайгаз-химия кластерін құру, қайта өңдеуді дамыту мәселелерін шешуге баса назар аудара отырып, саланы нақты дамытуға мүмкіндік береді», – дейді Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

«Нақты нәтижесі мынадай: өндіріс көлемі 9 есеге артады, 2 миллион тонна мұнайгаз-химия өнімі алынады және ел экономикасына келетін инвестиция көлемі шамамен 3,9 миллиард долларға жетеді. Осылайша, базалық мұнайгаз-химия өнімін өндіру мұнай-газ саласындағы терең өңдеуді дамыту үшін негіз қалыптастырады. Бұл біздің шикізат экономикасын әртараптандыру және технологиялық дамуға ұмтылу жөніндегі стратегиямызға сәйкес келеді».

Ноғаевтың сөзінше, 2025 жылға қарай 5 зауыттың құрылысы аяқталуы тиіс. Оның үшеуі Атырауда орналасқан. Олар: жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт, бір жылда 57 миллион текше метр азот және 34 миллион текше метр сығылған құрғақ ауа дайындайтын зауыт, жылына 430 мың тонна полиэтелентерефталат жасайтын зауыт. Төртінші зауыт – Шымкентте, ал бесінші зауыт Оралда салынбақ. Олар полипропилен, бензинге арналған қоспалар, менатол мен гликоль өндіретін болады. Қазір ол өнімдердің барлығын біз сырттан тасимыз.

«Бізге одан басқа жол жоқ», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Шикі мұнайдың тауар ретіндегі құндылығы жыл сайын төмендей береді. Бірақ мұнайды тек жағармай емес, түрлі химиялық полимерлер өндіру бағытына ауыстыру арқылы әлемдік нарықта тұрақты сұранысқа қол жеткізе аламыз».

«Біз диверсификация, яғни әртараптандыру туралы соңғы 20 жыл бойы үздіксіз айтып келеміз. Бірақ оның нақты қадамдарының кешенді картинасы жоқ. Егер осы бес зауыт нақты салынып, өз жұмысын бастап кетсе, мұны мұнай-газ саласындағы жемісті диверсификация деп айтуға келеді. Бастысы – зауыттар жемісті жұмыс істеп, әлемдік нарыққа өнімдерін үздіксіз экспорттауы тиіс»

Еліміздегі мұнай-газ саласының барлық табысы қазір шикі мұнай мен газды сол шикізат күйінде сатқаннан келіп отыр. Идеалды түрде, табыстың кем дегенде жартысы мұнайдан алынған химиялық өнімдерді сатудан түсуі тиіс.

Оған қол жеткізу қиын болса да, алғашқы қадамдарын бүгіннен бастау қажет. Себебі, ертең кеш болады.

Тегтер: