27 Қаңтар 15:59

«Шықбермес Шығайбай» атанған қайырымды Безос

Фото:

2020 жыл басталғалы төтенше жағдай аз болған жоқ. Ақпарат кеңістігінде тақырып толастамай, журналистер мен әлеуметтік желі қолданушылары бір көсілді. Австралиядағы орман өрті, одан табиғатқа келген залал кім-кімді де бей-жай қалдырған жоқ. 

Алматы, NEGE. Интернеттің бір пайдасы осы Австралияға тиді. Лаулап жанған өрт, өртеніп жатқан жануар фото-бейнесі желіде тез тарады. Көзбен көріп, жүрегі елжіреген көп белсенді алыстағы Австралияға көмек етуге ниеттеніп, қаржылай жылу жинады. Әлемге белгілісі бар, белгісізі бар аянып қалған жоқ. Біреу көрсетіп, айтып берсе, енді бірі үн-түнсіз қолғабыс етті. Айтып бергендер өзгелерді де осыған шақырайық деген шығар. Кім білсін?! Әйтеуір 2020 жылдың қарсаңында кенже баланың еншісі сыңайлы, кіші материктің шекарасынан миллиондап доллар кірді. 

Бір ғана Леонардо Ди Каприо 3 млн долларды өрттен зардап шеккен жандарға аударды. Элтон Джон бастаған өнер иелері де аянып қалған жоқ. Джонның өзі 1 млн АҚШ доллар қайырымдылық жасады. Танымал спортшылар бір айлық табысын аударса, әлемнің үздік ракеткасы Надаль 170 мың доллар көмек көрсеткен. Қарапайым жұртшылық та қал-қадерінше қайырымдылық қылды. Желінің «құдыретімен» бірнеше тәулік ішінде 130 миллион доллар жиналды. 

Австралия айлап күткен жауын жауып, оның арты бұршаққа ұласқаннан кейін бе желінің ендігі ісі «өзі... кім қанша ақша берді» деген тақырыпқа көшті. Осы екі аралықта әлемдегі ең бай компанияның иесі Джефф Безос сөзтоқпақтың астында қалды. Жұрттың айыбы «Amazon» не әрі емес, не бері емес 590 мың АҚШ долларын Австралиядағы төтенше жағдайға аударған» деген негізге құралған. Осыны естіген шолақ белсенділер Amazon басшысын «Шықбермес Шығайбай» деп кейіп жатыр. Кейіннен белгілі болғаны Безос өзінің 590 мың АҚШ доллар аударатынын білмеген де екен, ол австралия долларымен бір миллион аударған. Орақ ауыз кей сарапшылар «Бір кінәлі болса, ол – австралиялық доллардың АҚШ долларынан арзандығы» дей жөнелді. 

Тегтер: