23 Қазан 15:53
...

Шығыс Қазақстанда көшкін жүру қаупі бар кезеңге дайындық жұмыстары басталды

Фото:

Шығыс Қазақстан облысында көшкін жүру қаупі бар кезеңге дайындық жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өскемен, NEGE. ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда қысқа және көшкін қаупі бар кезеңге әзірлік, мұз қату кезеңінде су айдындарында қауіпсіздікті ұйымдастыру жұмыстары талқыға салынды.

«Қазселденқорғау» ШҚ филиалы басшысының міндетін атқарушы Советбек Станбеков өңірде 15 қарашадан басталатын көшкін қаупі бар кезеңге дайындық туралы баяндады.

«Шығыс Қазақстан республиканың қар көшкіні қаупі жоғары өңірлерінің бірі. Онда көшкін жүру қаупі бар 497 учаске тіркелген. 336 учаске шаруашылық субъектілері мен адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Әсіресе автожол бойындағы ошақтар қауіпті. Жалпы ұзындығы 105 шақырым жол қар көшкініне ұшырайды. Осыған байланысты демалыс аймақтарындағы, шаңғы базаларындағы көшкін қаупі бар жерлерде 48 ескерту орнатылған. Алтай ауданында және Катонқарағай ауданында 70 қар ұстайтын қалқан жөнделді. Көшкін қаупі туралы халыққа SMS-хабарлама, БАҚ және «Дармен» мобильді қосымшасы арқылы хабарланатын болады», - деді ол.

Мұз қату кезеңінде су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі төңірегінде ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Орынбеков сөз қозғады.

«Облыс халқының мұз үстінде балық аулайтын 54 орны анықталған. Ең көп орын Ұлан ауданында - 17, Күршім ауданында - 11 және Алтай ауданына - 6. Балық аулау кезінде жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында былтыр ТЖД қызметкерлері полициямен, жергілікті атқарушы органдармен және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп 129 рет рейд өткізді. Олардың барысында халыққа күзгі-қысқы кезеңде су айдындарында жүріс-тұрыстың негізгі қағидалары жеткізілді», - дейді Р. Орынбеков.

Тегтер: