26 Қазан 10:12

Шығыс Қазақстанда тұмау жұқтырғандар саны артты

грип
Фото: elements.envato.com

Шығыс Қазақстан облысында биыл тұмау жұқтырғандар саны 5,6 есеге артты, деп жазды kazinform.

Алматы, NEGE. ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар саны күрт өсіп кетті.

Осы жылдың тоғыз айында өңірде 200 863 адам ЖРВИ-ге шалдыққан. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,74 есе көп. Сонымен қатар тұмаудың зертханалық расталған 228 жағдайы тіркелді. Былтыр 43 адам ғана тұмау жұқтырған еді. Яғни биыл ауырғандар саны 5,6 есе артты.

«Сырқаттану деңгейі көпжылдық бақылау көрсеткіштерінен аспайды. Алайда біз облыс тұрғындарына уақытылы вакцина алып, аурудың алдын алуға кеңес береміз», - дейді департамент басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.

2024-2025 жылдардағы эпидемиялық маусымға дайындық аясында өңірге тұмауға қарсы 75 мың доза вакцина жеткізілген.

«Вакцина қазір халыққа қолжетімді. Медицина қызметкерлерін, жүкті әйелдер мен қарттарды, диспансерлік есептегі балалар мен ересектерді және басқа да тәуекел тобындағы адамдарды вакцинациялауға ерекше назар аударылады», - деді С.Слямғазина.