Шығыс Қазақстанда депутат өз-өзіне қол жұмсамақ болды

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында депутат өз өзіне қол жұмсамақ болды, деп хабарлайды Kazinform.
Алматы, NEGE. Кешеден бері әлеуметтік желіде Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты С. Демесіновтың өз өзіне қол жұмсамақ болғаны, ауруханаға түсіп, аман қалғаны туралы ақпарат тарап кетті.
— Аудандық маслихат депутаты С. Демесінов 19 ақпан күні өз-өзіне қол жұмсамақ ниетте дәрі-дәрмек ішіп ауруханаға түскені анықталды. Ауруханада денсаулығына қауіпті жағдай болмағандықтан, психиатр дәрігердің қабылдауынан кейін үйіне қайтарылған, — деп жауап берді әкімдіктен.
Белгілі болғандай, ол 2023 жылдың наурыз айында Қарасу ауылдық округі бойынша депутат болып сайланған. Өткен жылдың желтоқсан айында мас күйде көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 17 күнге әкімшілік қамаққа алынған.
— Сонымен қатар дәрігерлерге тексеру кезінде балағат сөздер айтқан бейнежазбасы БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жарияланған болатын. Жергілікті атқарушы билік органдары тарапынан С. Демесіновке өз-өзіне қол жұмсау әрекетіне дейін итермелейтіндей себептер, кикілжіңдер, қызметкерлермен жеке бас арыздық жағдайлар болған жоқ, — делінген хабарламада.
Осы ретте, облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірді.
— Полиция өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған тергеу жұмыстары жүргізілуде, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.