25 Қараша 10:40
...

Сhevron және қазақтар. АҚШ-тың алпауыты жергілікті дамыту қорын НЕГЕ құрмақ?

Фото:

Сhevron Қазақстан үкіметі алдындағы міндетін орындайтын болады. Мұнай компаниясы қайта инвестициялау бойынша уәдесін қор құру арқылы іске асырмақ.

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев өз брифингінде экономикамыз үшін маңызы бар бірнеше ақпарат берді. Бірақ ол әдеттегідей қазақтілді БАҚ үшін елеусіз қалды.

Фото: ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз-қызметі

Қазақстанда жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қоры құрылатын болады. Тікелей инвестиция – демек, қажетті отандық өндіріске тез қаржы тартуға мүмкіндік бар. Chevron өзінің қайта инвестициялау міндеттемелері шеңберінде 248 миллион доллар мөлшерінде жергілікті қамтуды дамытуды жоспарлап отыр. Инвестициялар технология мен IT, базалық тауарлар шығару және мұнай-газ секторы мен қоршаған ортаны қорғауға арналған жабдықтардың жекелеген түрлерін құрастыру бойынша үш бағытқа салынады.

«Ең маңыздысы – шетелдік компанияның жергілікті тікелей инвестицияға назар аударуы. Көздеген индикаторына жететін болса, мұндай орталықтың үлкен пайдасы бар», – дейді UIB Graduate Business School директоры Мақсат Халық.

Оның айтуынша, импортты алмастыратын тауарларды өзімізде өндіре берсек, экономикаға үлкен өсім береді. Бұл бағыттағы жұмыстарымызды тоқтатпау керек.

«Біз диверсификация бойынша кешігіп келеміз. 2013 жылдан басталған индустриялдық бағдарламалар өз нәтижесін бере алмады. Ертең шикізатымыз бітетін болса, біз өзімізді қалай қамтамасыз етеміз? Импортты алмастыру біз үшін қысқа мерзімді міндет болуы тиіс»

Аталған жұмыстар нәтижесінде импортталатын тауарлар мен қызметтердің белгілі бір бөлігі ел ішінде өндіріледі деп жоспарланып отыр. Энергетика министрлігі есебінше, бұл импортты 36 миллиард теңгеге азайтуға мүмкіндік береді.

«Бір нәрсені түсінуіміз керек. Импортты алмастыруға бағытталған кез-келген қадам өзінің нақты нәтижесін беретін болса, ол экономиканың өсуі және сыртқы сауда балансының оң сальдосына алып келеді», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

«Бұл жерде тұрақтылық өте маңызды. Бүгін салтанатты түрде лентасы қиылған өндірістің бір жылдан кейін жабылып қалатынын көріп жүрміз. Бұл – өте қауыпті тенденция».

«Салынған инвестиция кем дегенде өз-өзін ақтауы тиіс. Ал ол үшін елде ашылған өндіріс орны ең аз дегенде 10 жыл жұмыс істеуі керек»

Құрылатын тікелей инвестиция қоры елдің жалпы ішкі өніміне 270 миллиард теңгеге «қан жүгіртеді» деп болжанып отыр.

Оның алдында Chevron атқарушы директоры Қазақстан басшылығымен кездесіп, коронавируспен күрес кезіндегі үлкен көмегі үшін алғысқа бөленген болатын.

Тегтер: