USD
USD
USD

Шеттен кадр әкелу Әйтеновтің ескі әдеті ме?

Шымкент қаласының әкімі қызметіне кіріскеніне әлі бір ай толмаған Мұрат Әйтенов кадрлық ауыс-түйісті бастап кетті. 

Шеттен кадр әкелу Әйтеновтің ескі әдеті ме?
Фото: NEGE.kz

Күні кеше ол өзінің орынбасары Бұхарбай Пармановты бұрынғы орнына, дәлірегі  Абай ауданының әкімі қызметіне апарып отырғызды.  Оның орнына Махсұт Исақов елордадан, Президент әкімшілігінен келді. Исақовты Әйтеновтің артынан еріп келген алғашқы кадр десек қателеспеуіміз мүмкін. Естуімізше, орынбасарлардың атқаратын функциялары да өзгеріп жатқанға ұқсайды. Еңбек жолына қарағанда, жаңа орынбасар коммуналдық салаға жетекшілік етуі мүмкін. Ал бірінші орынбасардың креслосы әлі бос тұр. 

Шымкент қалалық білім басқармасының басшысыз тұрғанына енді міне, аз күндерден кейін бір жыл толады екен. Миллион халқы, жүз отыздан астам мектебі, 90-ға жуық балабақшасы, 180 мыңға жуық оқушысы, 18 мыңға жақын педагогы бар қаланың білім саласына жауап беретін мекеменің бір жылдан бері басшысыз жұмыс істеуі қалай айтсаңыз да ақталуға жатпайтын жәйт екендігі рас. Былтыр ақпанда басқармада басшының орынбасары Ғ.Нысанов парамен ұсталды. Осы оқиғаның салқыны тиді ме, әйтеуір көп ұзамай басқарманың басшысы Ақерке Абылайхан да жылы орнын суытты. Содан бергі аралықта білім басқармасы басшыға жарымады. Біздің білуімізше, бос тұрған орынға бірнеше мәрте конкурс өткен. Шымкентте, Түркістан облысында әжептәуір абырой-беделі бар азаматтар бақ сынады. Алайда конкурстар ешқандай үміткердің шырағын жаққан жоқ. Бұл сында не бап шабарын, не бақ шабарын өзіміз де түсінбей отырмыз. 

Жуырда қала әкімі Әйтеновтің  мегаполистегі  ақпарат құралдары өкілдерімен өткен кездесуінде осы сауал қабырғасынан қойылды.  Қаланың бас мұғалімі креслосының бір жылдан бері бос тұрғаны білім саласына кері әсерін тигізіп отырғаны да айтылды. Мұрат Әйтенов білім басқармасының басшысы бір айдың көлемінде тағайындалатынын, қазір осыған қатысты конкурстардың өтіп жатқандығын мәлім етті. Әңгіме арасында Мұрат Дүйсенбекұлы бұл конкурсқа тек Шымкент қаласының шеңберінде ғана емес өзге өңірлердің үміткерлері де қатыса алатынын тілге тиек етті. 

Жалпы мемлекеттік қызметкерлер арасында өтіп жатқан конкурстарға  біліктілік талаптары сәйкес келетін кез-келген қазақстандықтың қатыса алатыны айтпаса да түсінікті ғой. Олай болса, қала әкімі мұны неге ерекшелеп айтты? Осы жерде бір гәп бар сияқты.  Әлде елдің аузында жүрген әңгіменің рас болғаны ма?

Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Шымкент қалалық білім басқармасына кімнің басшысы болатындығы әлдеқашан, Әйтенов әлі Шымкентке келмей жатып-ақ шешіліп қойылғанға ұқсайды. Әкім ставканы жергілікті емес,  шеттегі кадрға жасаған көрінеді. Егер осы ақпарат түптің түбінде расқа айналатын болса... Онда қазіргі өтіп жатқан конкурстардың, үміткерлерді әңгімелесуге жіберудің, бәрінің бекер болғаны ғой.  Мұндай көзбояушылық кімге керек? 

Жалпы кадрды шеттен әкелу әлі ешкімнің шекесіне тимеген бе? Алысқа бармай-ақ қояйық, білім басқармасына басшылық еткен Ақерке Абылайхан бұл орынға  елордадан келген болатын.

Бұрын-соңды Шымкентте жұмыс істемеген. Жергілікті жағдайға қанық емес. Басшы мың жерден іскер, жүз жерден білімді болса да жергілікті кадрлармен тіл табыса алмай, өзімбілермендікке салынса қиын екен. Абылайханның басшылық қызметі бірнеше айдан әріге ұзамауы осы тіл табыса алмаумен байланысты десек қателеспеспіз. Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар? Сондай-ақ  шеттен кадр әкелу жергілікті мамандарды менсінбеу, төмен санау және сенімсіздік білдіру деп есептейтіндер де аз емес. Сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейген заманда өзіне сенімсіздер ғана маңайына «жанын беруге» даярларды жинайтынын айтушылар да жоқ емес.  

Егер басқармаға басшы тағы да шеттен келетін болса, бұл алдыңғы қателікті қайталау болып шықпай ма? Қазір үшінші мегаполистің білім саласына алаңдап отырған жұртшылықтың көкейіндегі күдік осы. Ал Әйтенов нендей әрекет жасап жатыр?

Қазір оқып жатыр

Мейіржан Төребаев бостандыққа шықты

.

Тоқаев пен Пезешкиан бір-бірін Наурыз мейрамымен құттықтады

.

Ақпарат министрі Аида Балаева Ботагөз Омарованың ісі жайлы не дейді?

.

Тоқаев Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады

.