29 Мамыр 19:20
...

Шерзаттың соты: Істе куәгер деп танылған екі қыз жауапқа тартылуы мүмкін

Шерзаттың соты
Фото: коллаж

Бүгін, 29 мамырда Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтті.

Күннің бірінші жартысында жүргізілген сараптама қорытындылары жарияланды. Сондай-ақ тараптар бірқатар өтінішхаттарын айтып, азаматтық талап қойды.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев Алматы облысының прокурорына куәгер ретінде жауап берген Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіні оқиғаны жасырып, хабарламағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсынысын жолдады.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 2024 жылғы 5 қазанда қорғануға құқығы бар куә ретінде Эльмира Құрманғалиқызы Нұрбековадан жауап алынған. Тергеу кезінде Эльмира Нұрбекова айыпталушылардың қылмыс жасағаны әшкерелейтін айғақ берген. Атап айтқанда, содан бала ішімен жатқан кезде Абзал қолындағы пышағымен арқа жағынан ұрып жатқаны көрінді деп айғақ берген.

Куә Нұрбекованың алғаш берген айғақтары алдын ала тергеу барысында анықталған дәлелдемелермен сәйкес келеді. Сондай-ақ Нұрбекованың аталған жауабы сот медициналық-сараптамасынан бұрын, яғни 2024 жылғы 1 қарашадағы №173 қорытындыға дейін алынғаны анық. Ол тек өзіне ғана белгілі жайттарды жауап алу барысында баяндаған. Алайда сот тергеу барысында 2025 жылы 28 сәуірде куә ретінде жауап алынған Нұрбекова алдын ала тергеуде берген жауабын өзгертіп, айыпталушы Шынасылдың кәмелетке толмаған жәбірленуші Шерзат Полатқа пышақ салғанын көрмедім деп айғақ берді.

Ол 2024 жылғы 5 қазандағы жауап алу хаттамасына қол қойған кезде хаттамаға не жазғанын түсінбегенін сылтауратты. Бұл түсінбеушілікті ол хаттаманың қазақ тілінде жазылғанымен, қазақ тілін толықтай түсінбейтіндігімен байланыстырды. Сонымен қатар ол жауап алу хаттамаға қол қою кезінде полицияның қысым жасағанын айтты. Аталған қысым бір тәулік бойы полиция бөлімінде ұсталғанын және 100-ге жуық полиция қызметкерлерінің тарапынан бірнеше рет жауап алуымен байланысты деп көрсетті.

Алайда сот барысында куә Нұрбекованың қазақ тілін білмейтініне қатысты деректер қылмыстық тергеу материалдарымен, нақтырақ оның қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің бейнежазбаларымен толық жоққа шығарылды. Бұл бейнежазбаларды зерттеу барысында куә Нұрбекованың қазақ тілінде еркін сөйлейтіні, қойылған сұрақтарды түсініп, оған жауап беретіні сот-тергеу барысында анықталды деп есептейміз. Сонымен бірге полиция қызметкерлері тарапынан қысым көрсетілді деген мәліметтер де расталмады.

Егер, куә Нұрбекованың заңмен қорғалған құқықтары бұзылған жағдайда, оның немесе қорғаушысының қазіргі уақытқа дейін құқық қорғау органдарына арыз-шағыммен жүгінуне еш кедергі болмаған деп есептейміз. Куә ретінде жауап алынбас бұрын сот тарапынан Нұрбековаға құқықтары мен міндеттері түсіндірілген. ҚР-ның қылмыстық кодексінің 420-бабына сәйкес, жалған айғақ бергені үшін жауапкершілікке тартылатыны да ескертілген. Куә Нұрбекова сотта тек шындықты айтуға ант берген және бұл туралы құжатқа қол қойған. Сонымен қатар сот-тергеу барысында іс-материалдарымен және Нұрбекованың өз жауабына сай оның қозғалысына сотталушылар тарапынан шектеу қойылмағаны, сондай-ақ сотталушыларға тікелей тәуелді болмағаны анықталды. Куә Нұрбекованың жанында өзінің ұялы телефоны болған. Бұл тұжырым куә Нұрбекованың қылмыс жасалғаннан кейін сотталушылардың бір бөлігімен қозғалғаны  Новый Toyota Land Cruiser Prado автокөлігіне орнатылған бейнетіркегіш арқылы бейнежазбамен танысқаны туралы хаттама арқылы негізделіп жасалған. Бейнежазбамен танысу барысында куә Нұрбекова аталған көлікте болғанын растады. Аталған видеода Нұрбекованың телефонымен еркін сөйлесіп отырғаны көрінеді. Сондай-ақ сотталушылардың қалжыңына араласып, күліп отыруы да, оқиға болған жердегі мән-жайларды талқылауға, өзінің пікірін білдіріп, әңгімеге араласуы автокөлік ішіндегі сотталушылар тарапынан ешқандай қысым болмағанын көрсетеді. Ол сот барысында берілген Нұрқияс Ілиясовтың да жауабымен де сәйкестендірілген.

Осыған орай, аталған мәліметтерге сүйене отырып, куә Нұрбекованың іс-әрекеттеріне ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 421-бабы 2-бөлігіне сәйкес, аса ауыр қылмыстық іс бойынша куәнің сот тергеуі кезінде көрнеу жалған айғақтар беруі және ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 434-бабына сәйкес жасалған ауыр қылмысты хабарламау бойынша құқық бұзушылықтардың белгілері бар деп санаймыз. Баяндалғанның негізінде Қылмыстық кодекстің 71 және 76-баптарына сәйкес, соттан Эльмира Құрманғалиқызы Нұрбекованың тарапынан қасақана көрнеу-жалған ақпарат берілгені үшін және аса ауыр қылмыс туралы жеке Қаулы шығарып, аталған Қаулыны Алматы облысының прокурорына жолдауды сұраймыз», – деді жәбірленушінің адвокаты өтінішхатында.

Сонымен қатар адвокат екінші өтінішхатында куәгер Жақсыгелді Данаға қатысты да Қылмыстық кодекстің 434-бабына сәйкес жеке қаулы шығаруын сұрады.

Судья Ержан Жанұзақов тараптардың пікірін тыңдады.

Сотталушы Қалиажмет Дидардың адвокаты аталмыш өтінішхатты қанағаттандыруын құптады.

«Менің қорғауымдағы Қалиахметтің іс-әрекеті олардың іс-әрекетінен төмен болса да, бүгінгі күні ешқандай дәлел болмаса да  ол сотталушылардың арасында отыр. Бірақ олар сол жерде болған, көлікте бірге жүрген, көрген, естіген. Бейнежазбадан да айтылған сөздері естілді ғой, соның бәрін ескеріп, мен бұл өтініш қанағаттандырылуы тиіс деп ойлаймын. Кінәлі адамдар жауапқа тартылуы тиіс. Кінәсіз адамдар да отырған кезде, ол кісілерді осы күнге дейін не себепті қылмстық жауапкершіліктен босатып жіберді?», – деді сотталушының адвокаты.

Сот тараптардың пікірін тыңдап, бұл өтінішхатты ашық қалдыруға Қаулы етті. Шешім кеңесу бөлмесінде қабылданады.