Шерзаттың соты: Айыпталушылардың ата-аналары балалары түсірілген видеоның тарап жатқанына шағымданды

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы басталды.
Алматы, NEGE. Сот отырысында «Қамажай» дүкеніне көрші тұрған үйлердің тұрғынынан жауап алынды.
- Тақырыпқа орай: Шерзаттың өліміне қатысты сот отырысы басталды: «Қамажай» дүкеніне көрші тұрған үйлердің тұрғыны куәлік етті
Әлеуметтік желіде өткен сот отырысында сотталушылардың залдан күліп шығып келе жатқан видеосы тараған болатын. Айыпталушы Нұрқияс Ілиясовтың әкесі сотта судьядан осы жағдайды назарға алуды сұрап, шағым айтты.
«Сот мырза, алдыңғы сот отырысында балаларды түсірмеуді сұрап, ескерткен едіңіз. Мына жерде балаларды TikTok-қа түсіріп бір бала отыр. Өткенде куәлік еткен жас баланы да түсіріп алған. Ол мына кісінің баласы ғой деймін (қорғаушы Мейірман Шекеевті меңзеп – ред.). Бәрін түсіріп отыр» – деді айыпталушының әкесі.
Тағы бір айыпталушының анасы да алдыңғы сот отырысында куәлік еткен баланы да түсіргенін, ол видеоның тарап кеткенін айтты.
«Өткендегі сот отырысында Қалтаеваның 16 жастағы немересі келді. Ол баланың анасы баламды түсірмеңіздерші деп өтінді ғой. Оны мына бала түсіріп, TikTok-қа салып жіберді. Одан кейін қай уақытта екені мен білмей қалдым, балаларымыздың күліп шығып келе жатқанын түсіріп алған. Әлеуметтік желіде тарап, ол жерде нешетүрлі сөздер айтылып жатыр. Өтініш, осыны ескеріңізші» – деді ол.
Қорғаушы Мейірман Шекеев аталмыш баланың өзінің мобилографы екенін, аталған уәждің негізсіз екенін алға тартты.
«Біздің парақшамызды қауіпсіздік қызметкерлері тексеріп отыр. Ол видео біздің тарапымыздан шыққан жоқ» – деді Шекеев.
Судья Ержан Жанұзақов мобилограф баладан өткендегі сот отырысында аталмыш видеоны түсірген-түсірмегенін сұрады.
«Мен Шекеев Мейірманның мобилографымын. Мен бірінші сот отырысынан бері қатысып келе жатырмын. Сіздің ескертулеріңіздің барлығын білемін. Мен түсірген жоқпын. Өз телефонымды толыққанды тексеруге бере аламын. Мен бір жағдайды айта кетейін, сотталушылардың әлеуметтік желіде тараған видеосы қолмен түсірілмеген. Ол штативте бір жерде тұрып, тұнық түсірілген. Ол телефонмен түсірілген жағдайда 16/9 деген кадрмен шығатын еді, ол керісінше ютуб форматта шықты. Оған менің ешқандай қатысым жоқ» – деді мобилограф.
Судья бұл жағдайға қатысты сотпен тексеру жүргізіліп жатқанын және оның нәтижесі қосымша хабарланатынын айтты.