Шерзаттың өліміне қатысты сот отырысы басталды: «Қамажай» дүкеніне көрші тұрған үйлердің тұрғыны куәлік етті

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша сот отырысы басталды.
Алматы, NEGE. Сот отырысында «Қамажай» дүкеніне көрші тұрған үйлердің тұрғындарынан жауап алу басталды. Сотта куәлік еткен көрші Сәкен Әкежанов өзін видеоға түсірмеуді сұрады. Жауап алу кезінде ол сол күнгі оқиғада «тарс» еткен дыбыстан оянып кеткенін айтты.
«Мен жұмыстан келіп, үйде ұйықтап жатқанмын. Екі рет «тарс» еткен дыбыс естілді. Бізде Шота Руставелли көшесінде жиі мотоцикл айдайды. Мен солар шығар деп ойлап, жата бердім. Сосын әйел адамның ойбайлап жатқан даусын естідім. Жедел жәрдем шақырыңдар дегендей болды. Балконға шықсам, он шақты жігіт жүгіріп бара жатыр. Бір жігіт тепкілеп жатыр екен, мен: «Жігіттер, қойыңдар, өлтіресіңдер ғой деп айқайладым». Нақты қай уақыт екенін білмеймін, сағатқа қарамадым», – деді куәгер Сәкен Әкежанов.
Ол өзінің тергеу кезінде берген жауабымен келіспейтінін тұстары бар екенін айтты.
«Затты жерден алды ма, қолынан алды ма нақты айта алмаймын. Тергеуде келіп, отыра қалды деп айтқан жоқпын. Мен оты дедім. Балконға шыққанда ана жігіт отырған», – дейді куәгер.
Куәгердің айтуынша, ол жерде екі дүкен болған. Ол Шерзат Полат пен Қаржаубай Нұрымовпен жақын таныс болмаса да, дүкенге барғанда көріп жүрген.