«Шерзатты Шынасыл Абзал, өзін Тоқтаубаев Азамат пышақтады деп көрсетті» – Нұрғанат Ғайыпбаевтан жауап алған тергеуші сотта куәлік етті

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы басталды.
Алматы, NEGE. Кешегі сот отырысында марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың өзін және інісі Шерзатты кім пышақтағанын айтып, айғақ берген видеосы көрсетілген болатын. Бүгін сол видеоны түсірген Талғар аудандық полиция басқармасында криминалдық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әділжан Медет Болатұлы сотта куәлік етті.
«Бізге болған оқиғаға байланысты жедел кезекшіден қоңырау келіп түсті. Сол бойынша аудандық полиция басқармасына бардым. Өзімнің қарамағымдағы қызметкерлерді осы оқиғаға байланысты көтердім. Іс бойынша әрбір қызметкерге тапсырма бердім. Өзім полиция басқармасынан оқиға болған орынға барып, істің мән-жайын білдім. Сол кезде бір жәбірленушінің аудандық ауруханаға түскені туралы хабарлама болды. Өзіммен бірге жедел уәкілімді алып, ауруханаға бардық. Ауруханаға барған кезде өздеріңіз бейнетаспадан көрген мағлұматтарды алдық. Азамат Ғайыпбаев палатада жатты. Біз одан жауап бере аласыз ба деп сұрағанда, ол жауап бере алатынын айтты. Бірге сол жерде сұхбаттастық», – деді полицей.
Нұрғанат Ғайыпбаев ауруханада жатқан кезде оған тергеушілер айыпталушылардың суретін көрсеткен. Ол өзін және інісі Шерзатты кім пышақтағанын тергеушілер көрсеткен суреттен таныған. Тергеуші видеода марқұм Ғайыпбаевтың суреттен кімдерді көрсеткенін түсіндіріп берді.
«Біздің қолымызда бірнеше адамның суреті болды. Сол суреттен кімдердің пышақ салғанын тани аласың ба деп сұрағанымызда, азамат Ғайыпбаев тани алатынын айтты. Суреттерді көрсеткен уақытта өзін және Шерзатты пышақтаған адамды нұсқады. Шерзатты пышақтаған Шынасыл Абзал деп, өзін Тоқтаубаев Азамат пышақтады деп көрсетті», – дейді Медет Әділжан.
Тергеушінің айтуынша, Нұрғанат Ғайыпбаев жауап беру кезінде оқиға орнына мылтықты інісі Шерзат алып келді деген. Ал кімнің атқаны жөнінде ештеңе айтпаған.