16 Мамыр 15:35
...

«Шерзатты сақалдымен шатастырып ұрдым» – Сотталушы Шыңғыс Белқожаевтан жауап алынды

Шерзат Полат
Фото: Жоғарғы сот

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 

Алматы, NEGE. Сотта айыпталушылар Д.Әскентай мен Н.Тоқтаубаев, А.Тоқтаубаев, кәмелетке толмаған Д.Ысқақ, Н.Ілиясовтан жауап алу аяқталды, сотталушы Белғожаев Шыңғыстан жауап алу басталды.

«3 қазан күні жұмыстан Тұрар Рысқұлов ауылына келіп, досым Тоқтаубаев Азаматқа жолықтым. Екеуміз сол жерде шамамен 1 сағаттай әңгімелесіп отырып қалдық. Азаматтың ұялы телефонына Нұрқияс хабарласты. Ол «Эйфория» кафесінде отырғанын айтып, бір жерге жеткізіп тастауымызды сұрады. Сонымен Тоқтаубаев Азамат екеуміз төмен қарай Талғарға түсіп, «Эйфория» кафесіне бардық. Нұрқияс, Равиль, Абазл және екі қыз отыр екен. Сол жерде олармен бірге біз де әңгімелесіп отырып қалдық. Одан кейін Тоқтаубаев Нұрбол маған хабарласты. Оған «Эйфория» кафесінде отырғанымызды айттым. Ол да Талғарда жүргенін айтып, жолығып кететін болды. Думан екеуі келді. Олар кішкене отырды да кетіп қалды. Одан кейін арада біраз уақыт өткеннен кейін қайтадан хабарласты. Менделеев көшесіндегі дүкенде аталмыш жағдай болып қалғанын айтты. Бізге келе аласыңдар ма деді. Жанымда Азамат болған, ол телефонды алып туған ағасымен сөйлеседі. Біз кафеден шығып, қайтайық деп отырғанбыз. Сол кезде Азамат Абзалға хабарласып, Автобазға барып келейікші, бір жағдай болып қалды дейді. Бәріміз шығып, «Қамажай» дүкеніне бардық. Ол жерде шамамен 10 шақты адам тұрды. Нұрбол, Думан, Дархан болды. Мен Әскентай Дарханды 3-4 рет Нұрболдың жанынан көргенмін, былайынша жақын араласпаймын. Сол жерде Дарханның беті қан болып тұрды. Мен одан жағдайды сұрадым, ол «ұрып жіберді» деп айтты. Сол кезде Қаржаубай дүкеннен пышақ ұстап жүгіріп шықты. Мен соны көріп, тоқтай ма деген оймен қалтамнан бәкімді алып шықтым. Ол кісі тоқтамады. Сол сәтте мен есікті теуіп, оны қайтадан дүкенге кіргізіп жіберемін. Оған пышағын таста деп айттық. Ол кезде көрген пышағымыз басқа, іске тіркелген пышақ емес, үлкен пышақ болды. Осы сәтте төбелес басталып кетеді. Кім-кімді бірінші ұрғанын, қалай болғанын көрген жоқпын. Сосын мылтық атылды. Сөйтсем, сақалды мылтықпен бізге екінші оғын атайын деп қарап тұр. Екінші оғын көрдім, жанымда ағаш бар. Сол ағаштың жанына қарай қаштық. Сол кезде екінші оғын атып, артқа қарай жүрді. Алдынан балалар да жақындай бастады. Оларға қарай жетеді, мен де арттарынан жүгіріп барамын. Барамын да теуіп, ұрамын. Мен негізі сақалдыны ұрамын деп барғанмын. Кейін видеодан қарасам, сақалдымен шатастырып Шерзатты ұрған екенмін. Бардым, ұрдым, тептім, айқайлаған дауыстар естілді. Бәріміз қайтадан көлікке отырдық та оқиға орнынан кетіп қалдық», – дейді Шыңғыс Белғожаев. 

Сонымен қатар Белқожев Шыңғыс айыптау актісіндегі пышақтың сабымен ұрды дегенмен келіспейтінін айтты.