«Шерзатқа өзінің әкесінің қолындағы пышақ абайсызда тиіп кетуі мүмкін» – Шынасыл Абзалдың адвокаты

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Сот отырысында судья Ержан Жанұзақов сот тергеуінің аяқталып, жарыссөздің басталғанын хабарлады. Жарыссөзді бірінші болып прокурор Дана Сәрсенбай бастап, сотталушыларға жаза мерзімдерін сұрады.
Жарыссөзде тараптардың қорғаушылары сөз сөйледі.
Жарыссөзде сөз алған адвокат Жұмат Әбенов өзінің қорғауындағы Шынасыл Абзалдың Шерзат Полатты өлтірмегенін айтты. Ол соттан Шынасыл Абзалға тағылған айыпты алып тастауды сұрады.
«Сонымен, Шерзатқа пышақ салған адам кім? Жазықсыз адам сотталып кеткенде, шынымен пышақ салған адамның ары мұндайды көтере ме? Әрине, пышақ салынды. Кім де болса осы балалардың біреуі салды. Оны сырттан келіп біреу салып кеткен жоқ. Ал адамның пышақ салуға бір негізі болады. Шынасыл Абзал Әскентай Дарханмен таныс емес? Ол оның жыртысын жыртып қайтеді? Әскентайды біреу ұрды не, ұрмады не оған не қатысы бар? Оны танымайды, қорғайтындай еш мотив болған жоқ. Мотив болды десе, Әскентайды айтуға болады. Өйткені, ол таяқ жеп қалды. Видеодан қарасақ, Әскентай адам өлтіретіндей емес. Өзі арық, таяқ жеп жүрген бала. Ал енді шындығында осы балалардың өздері ойланған жөн. Бәрібір шындық ашылады. Адам өлімі ешқашан жібермейді, тым болмаса ұйқы бермейді», –деді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, осы жерде отырғандардың кез келгенінде пышақ болған, кез келгені сол пышақты сала алды. Ал оны дәлелдеп көру керек еді.
«Қаржаубайдың қолында ұстап жүрген ас пышағы сараптама жасауға алынып, ұсынылмады. Бейнежазбадан оның қолында қандай ұзын пышақ болғанын көріп отырмыз. Сараптамаға «десертный» пышақ беріп отыр. Оны үлкен теледидармен көргенде көрініп-ақ тұр. Енді неге ол адам жасырып қалды. Неге жоқ қылды? Соған қарап, адамның басына ой келеді сол пышақ, мүмкін, Қаржаубайдың қолында жүргенде бір-бірімен итерісіп, «папа, кедергі болма!» деп папасын сүйреп жүргенде нақақтан-нақақ, абайсызда тиіп кетуі мүмкін сол пышақ. Біз оны неге жоққа шығарамыз? Неге оған сараптамамен тиянақты жауабын алмаймыз? Оған сараптама жасалмай қалған. Неге жасырды, осының артында бір гәп бар деп ойлаймын. Сол пышақтың қатысы жоқ екенін анықтау үшін, тым болмаса, сараптама тағайындау керек еді. Сол оқиға болғаннан кейін баласы қайтыс болып жатыр, Қаржаубай компьютердің тінтуірін іздеп жүр. Шұғыл арада неге? Оны да түсінуге болады, жасырып қалу керек болды, бірнәрсені өшіру керек болды. Болмаса, оған полицияға хабарласып, полиция келіп жатыр, соларға берсе болды өздері анықтап алады», – дейді басты айыпталушы Шынасыл Абзалдың адвокаты.