22 Мамыр 15:53
...

Шерзат ісі: Cудья тікелей эфирден кейін естіліп қалған диалогқа қатысушылардың кім екенін анықтауды тапсырды

шерзаттың соты
Фото: Жоғарғы сот

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 

21 мамыр күнгі сот отырысында түскі үзіліс жариялағаннан кейін онлайн трансляция өшірілмей, сотталушылардың өзара әңгімесі видеоға жазылып қалған. 

Аудиожазбаның таралуына байланысты сот жеке Қаулы шығарды. 

«2025 жылғы 25 мамырда осы іс бойынша басты сот талқылауындағы үзіліс кезінде айтылған сөздердің аудижазбасының әлеуметтік желілерде таратылу фактісі бойынша Алматы облысы прокурорының назары аударылсын. Күзетпен ұсталып отырған сотталушылар Қаулының көшірмесін алған күннен бастап 15 тәулік ішінде, ал сот процессіне қатысушылар Қаулы жарияланған күннен бастап белгіленген мерзім ішінде Алматы облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты арқылы Алматы облысы сотының Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасына шағым немесе прокурор өтінішхатын келтіруге құқылы» – делінген судья оқыған Қаулыда. 

Сонымен қатар судья Ержан Жанұзақов прокурорлардың диалогқа қатысушылардың кім екенін анықтап, Заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдауы керек екенін мәлімдеді. 

«Кеше әлеуметтік желілерде сот процессіне қатысты қатысы бар белгісіз адамдардың екі ұшты сипаттағы әңгімесін қамтитын бейнежазба таратылды. Осыған орай сот жеке Қаулы шығаруды қажет деп тапты. Прокурор бейнежазбаның шынайылығын, диалогқа қатысушылардың кім екенін, олардың сөзінің мазмұнын анықтап, Заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдауы керек. Сонымен қатар ҚР Конституциясына сәйкес, іс бойынша шешімді тек сот қана қабылдайтынын еске саламын. Кез келген жорамал мен араңдатушылық әрекетке жол берілмейді» – деді судья Ержан Жанұзақов.