2 Маусым 11:31
...

Шерзаттың өлімі: Прокурор сотталушыларға жаза мерзімдерін сұрады

Шерзаттың соты
Фото: Жоғарғы сот

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.

Сот отырысында судья Ержан Жанұзақов сот тергеуінің аяқталып, жарыссөздің басталғанын хабарлады. 

Жарыссөзді бірінші болып прокурор Дана Сәрсенбай бастады. Ол айыпталушылардың әрекеттеріне жеке-жеке тоқталып өтті. 

Шерзат Болатты өлтірді деген айып бойынша айыптаушы тарап келесі сотталушыларға мынадай жаза мерзімдерін сұрады:

– Абзал Шынасыл – ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі (кісі өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша – 23 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, жазасын Қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеуді белгілеуді; 

– Равиль Сакиев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық), 99-баптың 2-бөлігі, 24-баптың 3-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша – 20 жыл;

– Шыңғыс Белғожаев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша – 7 жыл;

– Дархан Әскентай – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша – 7 жыл;

– Нұрқияс Ілиясов – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша – 9 жыл;

– Нұрбол Тоқтаубаев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша – 7 жыл;

– Азамат Тоқтаубаев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) және 188-бап (ұрлық) бойынша – 15 жыл;

– Дидар Қалиахмет – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша – 7 жыл;

– Думан Ысқақ (кәмелетке толмаған) – 434-бап (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша – 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру.

Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы сотталушыларға қатысты қолданылған күзетпен ұстау туралы бұлтартпау шараларын өзгеріссіз қалдыруды сұрады. 

«Қылмыстық кодекстің 62-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағына сәйкес, Шынасыл, Сакиев, Тоқтаубаев, Тоқтаубаев, Ілиясов, Әскентай, Белғожаевтардың 04.10.2024 жылдан бастап, ал Қалиахмет 17.10.2024 жылдан және Ысқақ 13.10.2024 жылдан бастап үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстау уақытын Қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің бір жарым күні үшін – бір күн есебімен жаза мерзіміне есепке жатқызуды;

Жәбірленушілердің моральдық және материалдық шығынды өндіру жөніндегі талап-арыздарын толық көлемде қанағаттандыруды;

ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабына сәйкес, іс бойынша сұралған куәлар Нұрбекованың, Жақсыгелдінің әрекеттерін тексеру және оларға құқықтық баға беру үшін жеке Қаулы шығаруды, оны Алматы облысы полиция департаментіне жолдауды;

Сотта сұралған куә ретінде Қазкенов, Рузбакиевке қатысты да процессуалдық шара қабылдау үшін жеке Қаулы Шығарып, Алматы облысының полиция департаментіне жолдауды сұраймын», – деді Дана Сәрсенбай.