«Бүркіт едім аспанда ұшқан, түстім торға» – Сотталушылар соңғы сөздерінде не айтты?

Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша сот отырысы аяқталуға жақын.
Сот жарыссөзінде адвокаттар мен сотталушылардың өкілдері сөз сөйледі.
Сот айыпталушылар соңғы сөз сөйлеу құқығын берді. Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық істе 9 адам айыпталып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, Абзал Шынасылға – «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі), «Адам өлтіру» (99-бап 2-бөлігі), «Адам өлтіруге оқталу» (24-бап); Равиль Сакиевке – «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі), «Адам өлтіруге оқталу» (24-бап 2-бөлігі); Шыңғыс Белғожаевқа – «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі); Дархан Әскентайға – «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі); Нұрқияс Ілиясовқа – «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі); Нұрбол Тоқтаубаевқа – «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі); Дидар Қалиахметке – «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі); Азамат Тоқтаубаевқа – «Бұзақылық» (293-бап 3-бөлігі); Думан Ыскаққа – (кәмелетке толмаған) 434-бап бойынша айып тағылған.
Соттағы соңғы сөзді айтуды Тоқтаубаев Азамат бастады. Ол сол күнгі оқиғаның қалай болғаны тағы бір қайталап шықты.
«Құрметті сот, менің соңғы сөзімді тыңдап отырғаныңызға рахмет! Мен оқиға орнында бір адам пышақталып қалды дегенді естігенім жоқ. Егер естісем, жедел жәрдем шақырып, балаларға айтып көмегімді тигізер едім. Ондай қатыгез емеспіз, құрметті сот! «777» дүкені жаққа барған соң, маған Шыңғыс бір баланың қайтыс болғанын, бізді іздеп жатқанын айтты. Мен қарумен Нұрғанат бізді атқаннан кейін, сол жерде біреу атылып қалған шығар, қаңғыған оқ тіип кетті ме екен деп ойладым. Мылтықтан қорқып, сол жерде мылтыққа жолаған жоқпын. Одан кейін мүлдем мылтыққа тиіспедім. Ол мылтықты алмай, сол жерде тастап кетуіме де болар еді. Бірақ ол мылтықты біздің алып кеткеніміз де дұрыс болды. Болмаса, Қаржаубай мырза артымыздан шығып, ол мылтықпен тағы біреумізді атар ма еді немесе мылтықты тығып тастап, тергеуге жарамсыз болып, таба алмай қалар ма едік?
Құрметті сот, сізден әділ жаза тағайындауыңызды сұраймын. Осы іс бойынша ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігімен мені күдікті деп таныды. ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігімен айып тағып отыр. Осы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігімен мен мойындаймын. Қылмыс деп есептесеңіз, қандай жазаны болса да мойындаймын. Бірақ, менің ешқандай бұзақылық ниетім болған жоқ. Маған мінездеме де бере алады, менде ондай мінез болмаған. Ол кезде қолымда пышақ болған жоқ, ешкімге пышақ сілтемедім. Қаржаубай мырза таспен ұрды деп айтады, кірпішпен ұрды дейді. Ал айыптау актінде таспен ұрды дейді. Қай жеріңнен ұрды дегенде, арқамнан ұрды дейді. Бұл жерде қарама-қайшылық көп. Сот тергеуі кезінде шындықты айтамын деп ант берді. Бірақ, бұл жерде тек жәбірленуші тараптың ғана жағдайын түсінбеуді сұраймын.
Сотталушылар тарапынан мен өз басыма тоқтала кетсем, бір үйден екі азамат сотталып отырмыз. Әке-шешемізге обал, бала шағамыз жетім қалды. Біз асыраушысы едік. Әке-шешенің қадірін балалы болғанда білесің дейді, мен өзім үйленіп, 2024 жылы айдай қызым болғаннан кейін өмірге деген көзқарасым өзгерді. Бұрын да істі болдым, басыма тиді. Менің көзқарасым қазір тым бөлек. Тек отбасылық жағдайымы ойлаймын. Мен әлі де түзеліп, шыққаннан кейін, Алла бұйыртса, жазамды өтеп, өзгеремін. Қазіргі таңда өмір тоқтаған жоқ деп есептеймін. Бірақ прокурор ханым маған 15 жыл сұрап отыр. Мен кәдімгі өмір бойына бас бостандығынан айырылғандай ішімде арпалыс болып жатыр. Қазір Талдықорған қаласының №71 тергеу изоляторында жатырмыз. Қуықтай төрт қабырғаның ішінде үй ішін ойлайсың, бала-шағамды, ағамды ойлаймын.
Өзімді қоғамға қауіптімін деп есептемеймін. Мен өзім жұмыс істеймін, қоғамдық жұмыстарға бейімделген адаммын. Қазір де бізді «бандит» деп атап жатыр. Біз бандит емеспіз, қарапайым өскен баламыз. Бірақ осындай жағдайға тап болып қалдық. Бұл өмірде қателеспейтін адам жоқ деп ойлаймын. Қателесіп қалдық, бір жолға кешірім беріп, әділ жаза тағайындасаңыздар. Қазақ еліме айтарым, біз ешқандай халық жауы емеспіз. Қазақ еліне тигізген жақсылығымды айтпаймын. Әлі де шыққаннан кейін өз ауылыма, өз қазағыма көмегімді тигіземін. Бұл жерде ауылымызды «Хутор» деп жамандап жатыр. Ауылдың аты Тұрар Рысқұлов атамыздың атында. Ол ешқандай «Хутор» емес. Ол кезінде орыстардан қалған атау. Қазіргі таңда Тұрар Рысқұлов ауылына келсеңіздер, Алатаудың етегінде орналасқан керемет жер. Халқы ақкөңіл, қонақжай.
Әлеуметтік желіде айтылып жатқан жаман пікірлер үшін халқымнан кешірім сұраймын. Әлеуметтік желіде бала кезімнен Жан Ахмадиевті тыңдап жүретінмін. Оның: «Қазақпыз ғой, қазақтықты сақтайық! Қазақпыз ғой, күнә жасап арымыздан аспайық. Бөтендердің алдында біз көлденеңнен жатпайық», – деген өлеңдерін тыңдаймын. Бірақ неге екенін білмеймін, аяқасты дүрбелең туып кетті. Соның кесірінен мені алдыңғы ісім бойынша дәлелсізден-дәлелсіз Талғар аудандық соты 7 жыл 2 айға бас бостандығымнан айырып жіберді. Оның өзі маған ауыр тиіп жатыр, бала-шағам бар.
Құрметті сот, мен сізден әділ жаза тағайындауыңызды сұраймын. Мені 7 жыл 2 ай мерзіммен қалдыруыңызды сұраймын, 188-баптың 1-бөлігімен жаза немесе ақшалай өндіртуіңізді сұраймын. Ғайыпбаев Нұрғанаттың телефоны 220 мың теңге тұрады деп тұр. Ол ақшасын төлеп беремін, мүмкін ол одан да қымбат тұратын шығар? Жәбірленушілерге телефонның ақшасын қойып беремін. Қазіргі таңда анама... бола ма, құрметті сот, анама сөзімді жеткізуге?
Анашым, бізді кешіріңіз! Алла бұйыртып, жазамызды артқаннан кейін шығамыз! Сотқа қатысушылар, сіздерден де кешірім сұраймын. Осындай жағдайға тап болдық, қателеспейтін адам жоқ.
Анашым, амал бар ма мына сорға,
Бүркіт едім аспанда ұшқан, түстім торға»,
– деді Азамат Тоқтаубаев соңғы сөзінде.
Сотталушы Азамат Тоқтаубаевтың бауыры Нұрбол Тоқтаубаев сол күні төбелес шығару ойында болмағанын айтып, кешірім сұрады.
«Құрметті сот бүгінгі процессте өзімнің соңғы сөзімді айтып, сізден әділ үкім күтіп отырмын. Жарыссөзімде айтып өткенімді, қайталаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Оқиға барысында адамдар тобын құрып, алдын ала сөз байласып, төбелес ашу ниетім болған жоқ. Видеодан менің іс-әрекетімді көріп, бақыладыңыздар, барлығыңыз куә болдыңыздар. Мен ешқандай өтірік сөз қоспадым. Бастысы ол жерде менің ақша төлегенім көрініп тұр, төбелес ашу ниетім болған жоқ. Ол жерде «хуторскиймін» немесе «денсаулығыңды қойып тастайсың» деп айтқан жоқпын. Ол төбелесте қолыма ешқандай қару-жарақ, пышақ ұстаған жоқпын және балалардың да қолынан көрген жоқпын. Мен сол Дархан Әскентай мен Шерзат Полат марқұмның арасында арағайын болу ниетінде барғанмын.
Біріншіден, қазалы болған отбасыдан тағы да кешірім сұраймын. Марқұмдардың жатқан жері жайлы болсын! Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында көтеріп, мәпелеп өсірген өсірген анасы Бишімбиевадан кешірім сұраймын. Баладан айырылу оңай емес. Қасымда отырған балалардан, олардың ата-аналарынан кешірім сұраймын. Сотқа қатысып отырғандардың барлығынаг кешірім сұраймын. Өзімнің ата-анамнан кешірім сұаймын. Тікелей эфирді көріп отырған барша қазақстандықтардан кешірім сұраймын және артымыздан өсіп келе жатқан жасөспірімдер біздің іс– әрекеттерімізді қайталамаса екен, ешкімнің басына бермесе екен деп тілеймін.
Біз ешқандай да бандит, рэкет емеспіз. Біз Тұрар Рысқұлов ауылында туып өскен қазақтың қарапайым қара домалақ баласымыз. Ешқандай да депутат, әкімдердің баласы емеспіз. Қарапайым отбасыдан шыққан балалармыз. Әлеуметтік желілерде бізді балағаттап, үстімізден жалған ақпарат айтып, жалған айып тағып жүрген блогерсымақтарға айтарым, мәселеге көз жеткізіп, бірақ сөйлегендеріңіз дұрыс болар деймін. Адамға жазықсыз жала жабу дұрыс емес. Барлығын құдай көріп тұр.
Маған 293-баптың 3-бөлігімен айып тағылып отыр. Ол бапты қолдамаймын, өйткені менде қару-жарақ болған жоқ, төбелес ашу ниетім болған жоқ. Тұрар Рысқұлов атамыз еліне елеулі, халқына қалаулы, Қазақстанымызды ашаршылық заманынан құтқарып қалған атамыздың туған жерінде тұрамыз. Сол себепті ауылымызға балағат сөздер тимесе екен деймін. Ол орыстардың кезінде «Хутор», «Бригада 2 » болдық. Ауылымызда ешқандай бандиттер болмаған. Ол жерде жақсы адамдар тұрады», – деді Нұрбол Тоқтаубаев.
Шерзат Полаттың өліміне алып келген даудың шығуына себеп болған сотталушы Дархан Әскентай өкініш білдірді.
«Қайғылы жағдай осындай төбелес болып, соңы өлімге алып келгеніне шынвйы өкінемін. Осы жерде отырған балалардан және олардың әке-шешелерінен, барша қазақ елінен кешірім сұраймын. Арты осылай болып кеткеніне шынайы өкінемін.
Құрметті сот, мен әкемнен 2006 жылы айырылдым, арада 2-3 ай өтпей шешем қайтыс болып кетті. Өзім үйленіп, отбасы құрамын деп жүргенде осындай қайғылы жағдайға тап болдым. Айтайын дегенім, өміріміздің мәнсіз өтіп кктпеуіне және осы сотталып жатқан балалардың барлығымыздың жазамызды барынша жеңілдетуіңізді өтінемін. Марқұм болған Шерзаттың жақындарынан кешірім сұраймын, осылай болғанына өкінемін. Былай болатынын кім білген? Құрметті сот, сізден әділ шешім күтемін, басқа қосарым жоқ. Қатты өкінемін», – деді Дархан Әскентай соңғы сөзінде.
Белғожаев Шыңғыс соттағы соңғы сөзінде бас бостандығынан айырмайтын жаза сұрады.
«Мен болған жағдайға, болған оқиғаға қатты өкінемін. Жәбірленуші тарапқа және ол кісілердің барша жақындарына шын ниеттен қайғырып көңіл айтамын. Кешірім сұраймын, мұндай жағдай болады деп ойламадым. Қазіргі таңда барлығын түсіндім, істеген іс-әрекеттеріме өкінемін. Құрметті сот, мүмкіндік болса, мені бас бостандығымнан айырмайтын жаза тағайындауыңызды сұраймын. Басқа алып-қосарым жоқ», – деді Белғожаев.
Кәмелет жасына толмаған айыпталушы Думан Ысқақ соңғы сөзінде соттан өзін ақтауын сұрады.
«Мен тергеуде де, сотта да бар шындығымды айттым. Ешқандай жерде қарама-қайшылық жоқ. Мен кімде не болғанын көрмедім, төбелесті де білмедім. Білсем, айтатын едім. Мен тек қылмыс болған 4 қазан сағат 11.00-12.00 шамасында білдім. Ол кезде барлық қазақ елі білген. Құрметті сот, мені ақтауыңызды, бәрі әділ болуын сұраймын. Өзімнің әке-шешемнен және сотқа қатысушылардан кешірім сұаймын. Мұндайды ешкімнің басына бермеуін тілеймін. Қазақта: «Адам сүрінеді, тек оның адам еместігін білдірмейді. Оның нық тұрып, өмірлік сабақ болып, алға ұмтылысын білдіреді», – деп айтады. Бұл мен үшін сабақ болды. Басқа айтарым жоқ, мені ақтауыңызды сұраймын», – деді Думан Ысқақ.
Сотталушы Ілиясов Нұрқияс істеген ісін мойындайтынын айтты.
«Мен жәбірленуші тараптан кешірім сұаймын. Шерзаттың жатқан жері жайлы, арты қайырлы болсын. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Мен істеген ісімді мойындаймын. Менің қолымда пышақ болған жоқ. Менің ұрған себебім, ол мені атып, өлтіріп қояды деп ойладым. Мен атқаны үшін ұрдым. Сол үшін әділ жаза беріңізді сұраймын!», – деді сотталушы.
Қалиахмет Дидар соңғы сөзінде өзіне тағылған айыппен толық келіспейтінін мәлімдеді.
«Құрметті сот, мені Ғайыпбаев Нұрғанатпен ең соңғы беттестірді. Ол оған дейін мені мүлдем айтпаған. Беттестіретін кезде сөзге келіп қалдық, сол кезде ол мені «ұрды» деп көрсетті. Марқұм Шерзаттың жатқан жері жайлы болсын! Әке-шешесінен кешірім сұраймын. Әділ шешім шығаруыңызды сұраймын. Маған тағылып отырған айыппен мен толық келіспеймін», – деді Дидар Қалиахмет.
Сакиев Равиль соттағы соңғы сөзінде өзіне тағылған айыптың 293-баптың 3-бөлігімен толықтай келісетінін жеткізді.
«Құрметті сот, мен жәбірленуші тараптан, ең бірінші Шерзаттың анасынан өкініп тұрып, кешірім сұраймын. Мен ол жерге ештеңені білмей бардым. Оның анасы кім, әкесі кім екенін білмедім. Төбелес басталғанда Нұрғанат атқаны үшін оны 2-3 рет тептім. Мен қолыма қару, мылтық ұстаған жоқпын. Мен өзімнің мұндай оқиғаға қалай түсіп қалғанымды әлі түсіне алмвй жүрмін. Мен мұны өзіме Алланың берген тағдыры деп қабылдадым. Жәбірленуші тараптың, Қаржаубай ағаның, Шерзаттың анасының, әжесінің ары қарай өмір жастары ұзақ болып, ары қарай өмірлерінде жақсылық болсын деп тілеймін. Бір жағынан өзімді ақтасам да, ол кісілерді түсінемін. Бірақ бізді де түсінуіңізді сұраймын, құрметті сот! Біз ол жерге біреуді өлтіремін, төбелесемін деп барған жоқпын. Маған тағылған айыптың 293-баптың 3-бөлігімен толықтай келісемін, кінамды мойындаймын, өкінемін. Бірақ мен қолыма пышақ ұстап, біреуді пышақтаған жоқпын. Қару ұстаған жоқпын.
Құрметті сот, мен анамнан кешірім сұраймын. Мен осы уақытқа дейін анамды ешқашан алдамағанмын. Әке-шешем маған сондай тәрбие берген, мен анаммен жақсы қарым-қатынастамын. Басымды біреу кесіп алса да анама шындығымды айтамын. Анама әлі де айтамын, балаңыз біреуді өлтірген жоқ. Мен қанішер емеспін. Қайда жүрсеңіз де басыңызды тік ұстап жүріңіз. Оның бәрін Алла көріп тұр. Мен өзім жақтан бар дәлелімді айттым. Менің жауаптарымда ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Құрметті сот, сол себепті маған әділ жаза беруіңізді сұраймын. Мен кінәлі емеспін деп айтпаймын. Алланың қалауымен сол жерде болып қалдым. Оған көнемін және жәбірленушілерден шын көңілден кешірім сұраймын», – деді Равиль Сакиев.
Басты айыпталушы Шынасыл Абзал соттағы соңғы сөзінде сол күнгі іс-әрекетіне өкінетінін жеткізді.
«Мен Шынасыл Абзал Нұрғалиұлы, тағы да жәбірленуші тараптан кешірім сұраймын. Тағы да айтып өткім келеді, мен Шерзат Полатпен төбелесіп, оған жақындаған емеспін. Сол жерге барғанда Нұрғанатпен сөйлестім. Нұрғанатқа ашуланып, үш рет мен пышақ сұғып алдым. Сакиев Равильге сондай айып тағылып жатыр. Бұл жерде Сакиев Равильдің дым қатысы жоқ. Ол жерде өзімнің не істегенімді нақты білемін. Ойлана келе, ол ісіме өкінемін. Сол жерде мен көлікке сыймай, кафенің алдында қалып қалуым керек еді деп ойлаймын. Нұрғанат мылтықпен атқан, сол үшін ашуландым. Істеген іс-әрекетіме өкінемін. Кінәмді жартылай мойындаймын», – деді Абзал Шынасыл соттағы соңғы сөзінде.
Сот үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті.
Сот үкімі 5 маусым күні сағат 16.00-де жарияланады.