17 Сәуір 14:56
...

«Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы кемінде 2-3 ай жүруі мүмкін» – Адвокат

Шерзат
Фото: жоғарғы сот

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. 

Алматы, NEGE. Бүгінгі сот отырысында күдіктілер өздері туралы мәлімет берді, сонымен қатар прокурор Дана Сәрсенбай айыптау актісін оқыды.

Прокурордың айыптау актісінде медициналық сараптама қорытындысы бойынша Шерзат Полаттың өліміне себеп болған мән-жайлар айтылды. Оқиға кезінде Шерзаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне зақым келтіре отырып, сол жақтан кеуде қуысына еніп, шаншылып кесілген жарақаттың салдарынан дамыған ауыр қан жоғалтудан болған.

Сот отырысы барысында судья тараптардың өтінішін тыңдады. Жәбірленушілер мен айыпталушылардың тараптары жолдың алыстығын және сотқа қатысушылардың барлығының Алматы және Алматы облысында тұратынын алға тартып, келесі сот отырыстарын Талдықорғаннан Алматы қаласына немесе Алматы облысына ауыстыруды сұрады. Судья тараптардың өтініштерін қанағаттандырмады.

Үзіліс кезінде жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев осы мәселелерге қатысты журналистердің сұрағына жауап берді.

«Сот Талдықорғанда өтеді деп шешім шығарды ғой, мен жазбаша түрде қаулы сұрадым. Сот Қаскелеңдегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттың ғимаратында өткізуден бас тартты. Сот біздің онлайн қатысуымызға рұқсат бермеді, бірақ жәбірленушілердің қатысуынсыз өткізуге рұқсат етті», – деді адвокат.

Журналистердің: «Сот процессі қанша уақытқа дейін созылуы мүмкін?» деген сауалына адвокат Мейірман Шекеев: «Мұндай тәртіппен, мұндай ретпен сот кемінде 2-3 ай жүруі мүмкін», – деп жауап берді.