«Аға, маған бір нәрсе сұғып алды» – Сотта Шерзат Полаттың өліміне себеп болған мән-жайлар айтылды

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы басталды.
Қылмыстық іс бойынша 9 күдікті айыпталып жатыр: Абзал Шынасыл – ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі («Бұзақылық»), 99-бабы 2-бөлігі 4 және 5-тармақтары («Аса қатігездікпен қасақана кісі өлтіру»), сондай-ақ 24-баптың 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және оқталу») бойынша; Равиль Сакиев ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бап 3-бөлігі және 99-бап 2-бөлігі 7 және 9-тармақтары бойынша («Бұзақылық», «Аса қатігездікпен қасақана кісі өлтіру»); Шыңғыс Белқожаев, Дархан Аскентай, Нұрқияс Ілиясов, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Ғалиахмет, Азамат Тоқтаубаев — 293-бап 3-бөлігі бойынша («Бұзақылық»); Думан Ысқақ — 434-бап («Қылмыс туралы хабарламау») бойынша жауапқа тартылуда.

Сонымен қатар сот барысында Равиль Сакиевтің 2021 жылы 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылғаны, Шыңғыс Белқожаевтың 2015 жылы бас бостандығын шектеу жазасына кесілгені, Нұрқияс Ілиясовтың 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алғаны, ал Азамат Тоқтаубаевтың 2024 жылы 7 жылға сотталғаны айтылды.
Сот отырысында күдіктілер өздері туралы мәлімет берді. Негізгі айыпталушылардың бірі Абзал Шынасыл сотқа толық дайын емес екенін мәлімдеді.

Судья одан дайын болмауына не себеп болғанын сұрады. Оған айыпталушының қорғаушысы істі зерттеуді енді ғана бастағаны себеп екенін түсіндірді.
«Біз іске енді сот процесі басталғанда ғана араласа бастадық. Құжаттарды толық қарап үлгермедік. Қорғау позицияларымыз әлі де нақты қалыптасқан жоқ. Абзал Шынасыл өзі де тағылған айыптарды мойындамайтынын айтып отыр», – деді қорғаушы.
Сотталушылардың бірі Равиль Сакиев те сотқа дайын емес екенін жеткізді.

Сот отырысы барысында судья Ержан Жанұзақов тараптардың өтінішін тыңдады. Жәбірленушілер мен айыпталушылардың тараптары жолдың алыстығын және сотқа қатысушылардың барлығының Алматы және Алматы облысында тұратынын алға тартып, келесі сот отырыстарын Талдықорғаннан Алматы қаласына немесе Алматы облысына ауыстыруды сұрады.

Судья тараптардың өтініштерін қанағаттандырмады, алдағы сот отырыстарының да Талдықорғанда өтетінін мәлімдеді.
Ары қарай прокурор Дана Сәрсенбай айыптау актісін оқыды. Айыптау актісінде оқиғаның жай-жапсары түгел айтылды.

3 қазан түнгі 22.00-де Дарзан Аскентай мас күйде Алматы облысы Талғар қаласы Менделеев көшесінде орналасқан «Қамажай» дүкеніне кіріп, сол жерден 3 шөлмек «Кружка свежего» сырасын және 4 дана темекі алып, өзінің танысы кәмелетке толмаған Асқарбекке What's up мессенджері арқылы төлемақы жасау үшін хабарласып, дүкеннің Кaspi есепшотын хабарлаған. Асқарбек Аскентай жіберген нөмірге өзінің анасы Қалтаева С. атына тіркелген есепшоттан 1000 теңге аударып жіберген. Аскентай электронды чекті What's up мессенджері арқылы Нұрымовқа көрсеткен және қалтасынан 1000 теңге берген. Нұрымов оған қалған артық ақшасын қайтарып береді. Екеуі қол алысып, дүкеннен шығып кеткен. Арада уақыт өткеннен кейін сағат 23:30-да дүкенге Нұрымовтың ұлы, кәмелетке толмаған Шерзат Полат кіріп, телефонын қуаттағышқа қойып, телефон қарап отырған. Кейіннен Дархан Аскентай дүкенге қайта кіріп, Нұрымовқа телефонын қуаттағышқа қоюды өтінген. Нұрымов ұялы телефонды кассада тұрған қуаттағыш көзіне қосқаннан кейін Аскентай сыртқа шығып, дүкен алдында тұрған. Осы жағдайдың бәрін көріп отырған Шерзат Полат дүкеннен шығып, Аскентайдың әрекетін бақылай бастаған. Осы сәтте Аскентай дүкенге қайта кіріп, телефонын алып, сыртқа шығып сырасын ішуді жалғастырған. Сағат 23:50-де Аскентай әкесіне балағат айтты деген себепті пайдаланып, Шерзат Полат «Қамажай» дүкенінің алдында тұрған Аскентайдың оң жақ көзінің тұсынан екі рет жұдырықпен соққы жасайды.
Баласы ер адамды ұрғанын көрген Қаржаубай Нұрымов Аскентайдан кешірім сұрап, айыбын өтейтінін айтқан. Алайда Аскентай достарына хабарласа бастаған. Нұрымов Аскентайдың адамдар шақырып жатқанын айтып, туысы Ғайыпбаевты шақырған. Сол уақытта Нұрымов пен Ғайыпбаев Тоқтаубаев пен Аскентайға Шерзат Полаттың кәмелетке толмағанын, балалық жасаған айтып, істі бейбіт жолмен шешпек болған.

Тоқтаубаев пен Аскентай жағдайды түсініп, кетіп қалған. Алайда Тоқтаубаевқа Аскентайдың тауар ақшасын төлемегенін Нұрым айтқан. Ал жолда Аскентай досы Тоқтаубаевқа өзі алған тауардың ақшасын төлегенін айтқан. Тоқтаубаев дүкенге қайтып келіп, Нұрымовтан жағдайды бейбіт шешкісі келгеніне қарамастан, дүкенге кіріп, соңғы төлемдерді көрсетуді талап еткен. Бірақ ақша түспеген. Сол жерде досы Тоқтаубаев Нұрымовтың Kaspi нөміріне көзінше ақшаны аударып жіберген. Осы кезде Аскентай сыртта былапыт сөздер айтып, кіжініп жүрген. Мұны естіген Нұрымов ашуланып, кассадан пышақ алып, сыртта тұрған Аскентайға ұмтылған. Алайда баласы Шерзат Полат әкесін тоқтатып, дүкенге кіргізіп жіберген.
Осы уақытта Нұрбол Тоқтаубаев Талғар қаласында дәмханада отырған таныстарын шақырады. Қоғамдық орында топтық төбелес болатынын біле тұра, әрі соны қалап, Аскентайды жас бала ұрып жібергенін, ал әкесі пышақпен оқталғанын айтып, таныстарын шақырған. Азамат Тоқтаубаев, Шынасыл, Белғожаев, Ілиясов, Сәкиев мас күйде бола тұра, бұзақылық жасау ниетімен алдын ала пышақтар дайындап, «Қамажай» дүкеніне бет алған.
Белғожаевтың басқаруындағы мерседес-бенц көлігімен Азамат Тоқтаубаев, Ілиясов, Сәкиев өздерімен бірге жүрген қыздар Нұрбекова және Жақсыкелдімен «Қамажай» дүкеніне бет алған.

Ал Шынасыл Әшірбаевтың басқарған көлігімен Тоқтаубаевтардың артынан еріп отырған. Бұл адамдар дүкенге келмей тұрып Шерзат Полат кәмелетке толмаған достары Сейсембай, Ахмет Махметті, Алдияр Махметті және Майтұрсынды «Қамажай» дүкеніне шақырған.
Шерзат Полаттың достары жалдамалы көлікпен «Қамажай» дүкеніне келген. Сол уақытта сыра сатып алуға дүкенге Қалиахмет, Әбдіқадыр және Мұрат үшеуі көлікпен келіп тоқтаған. Олар топ-топ болып тұрған адамдармен амандасып, дүкенге кіріп кеткен. Осы уақытта мерседес-бенц көлігімен Белғожаевтар келеді.
Аскентайдың таныстары аса қатыгездікпен заңға қайшы әрекеттерімен қоғамға елеулі зиян келтіре отырып, пышақты қару ретінде қолданып, дүкен алдында тұрған Полатқа, әкесі Нұрымовқа, Ғайыпбаевқа Ахмет Махметке қарсы төбелес бастаған.
Дүкенге кіріп кеткен Нұрымов даладағы төбелесті естіп, пышақпен сыртқа ұмтылған. Осы кезде Белғожаев дүкеннің есігін ұрып, Нұрымовты дүкенге қайта кіргізіп жіберген. Осы сәтте «Қамажай» дүкені қасында өсіп тұрған ағаш жақтан аңшы мылтығын ұстаған адам Аскентайлар тұрған жаққа оқ атқан. Әрі қарай төбелес болып жатқан кезде, Шынасыл дүкеннің сол жақ бұрышында тұрған Полат пен Ғайыпбаевтан кек қайтару үшін қасақана қазаға ұшырату мақсатында өзімен алып келген сабы қоңыр ас пышағын қару ретінде пайдаланған.

Полаттың кәмелетке толмағанын біле тұра, сол жерге көлікпен анасы Бишімбаева мен әжесі Кадированың жүргеніне қарамастан, өз әрекетінің қоғамға қауіпті екенін біле тұра, Полаттың сол жақ жүрек тұсына пышақты сұғып алған. Полат қаша бастаған, 45-50 метрден кейін денсаулығы нашарлап отырып қалған. Шынасыл Полатқа ауыр дене жарақатын түсіргенін біліп, оның алған жарақатынан қаза болғанына көз жеткізген. Әрі қарай топтық төбелеске қатысып жүрген Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Қалиахметов оқиға орнында қару қолданғанын естіп, өзінің сыбайластары Азамат Тоқтаубаев, Шынасыл, Белғожаев, Ілиясов және Сәкиевтің пышақ қолданғанын көріп тұрып, төбелесті жалғастырған.
Дүкеннен шыққан Нұрымовтың бетінен бөтелкемен ұрған. Ал Тоқтаубаев тергеумен анықталмаған таспен Нұрымовты желкесінен ұрған. Сол кезде Полаттың әжесі Кадирова «Қамажай» дүкеніне қарай бара жатқанда алдынан Шынасыл шығып, итеріп арыққа құлатқан. Содан кейін Бишимбаева баласы Полаттың асфальтта отырғанын көріп, соған бармақ болғанда Ілиясов пен Шынасыл алдынан шығып, Бишимбаеваны білегінен ұстап алып, жібермей қойған. Сараптама қорытындысына сәйкес білегіне көгерген дене жарақаттары келтірілген.
Шерзат ағасы Ғайыпбаевқа «Аға, маған бір нәрсе сұғып алды» деп айтып үлгереді. Сол жақ қолтық астындағы пышақ жарақатын көрген Ғайыпбаев «жедел жәрдем» деп айқайлап көмекке шақырған.
Ары қарай Белғожаев, Әскентаев, Шынасыл, Ілиясов, Тоқтаубаев, Сәкиев, Ғайыпбаев пен Полатқа қарай барған. Сол жерде Бишімбаева баласы Шерзатқа бірінші болып жетеді. Отырған жерінде құшақтап, топ адамдардың әрекетінен қорғай бастайды. Белғожаев соған қарамастан Полаттың басынан аяғымен теуіп, өзімен алып келген пышақпен бірнеше соққы жасаған. Ал Ілиясов сол жерде жатқан 16 калибрлі аңшы мылтығымен Полатқа соққы жасаған, бірақ соққы анасы Бишімбаеваның қолына тиген. Сосын Ғайыпбаевтың басынан бірнеше рет ұрып-соққан. Бұдан кейін Белғожаев, Әскентаев, Шынасыл, Ілиясов, Тоқтаубаев, Сәкиев жерде жатқан Ғайыпбаев пен Полатты ұрып-соққан.
Медициналық сараптама қорытындысы бойынша Шерзаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне зақым келтіре отырып, сол жақтан кеуде қуысына еніп, шаншылып кесілген жарақаттың салдарынан дамыған ауыр қан жоғалтудан болған.
Прокурордың айтуынша, Шерзат Полаттың өлімі 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01.30-да Талғар орталық ауруханасының стационарында расталған.
«Кәмелетке толмаған Ш. Полаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғары бөлігіне зақым келтіре отырып, сол жақтағы кеуде қуысына еніп, шаншылып кесілген жарақат нәтижесінде ауыр қан жоғалтудан болды. Өлімі 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01:30–да Талғар орталық аудандық ауруханасы стационарында расталған. Мәйітті зерттеу кезінде келесі дене жарақаттары анықталды: ішкі және сыртқы қан кетуді тудырған сол жақ өкпенің жоғары бөлігінің зақымдануы. Бұл дене жарақаты стационарға келгенге дейін шаншу-кесу қасиеті бар заттың әсерінен туындаған. Сыртқы дене жарақаттары: сол жақ желке аймағында бастың шашты бөлігінің терісінің көгеруі, оң көздің ішкі бұрышында, оң көздің қабағында, оң қолдың артқы бетінде, оң қолдың екінші, үшінші, төртінші саусақтары, сол жақта мұрын, ерін аймақтарында, оң білектің бір бөлігінде сызаттар, — деді Дана Сәрсенбай айыптау актісін оқу барысында.
Сонымен қатар Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың сол оқиғадағы төбелес кезінде қандай жарақат алғаны да айтылды.
«2024 жылдың 11 қазан күні № 447-24-17 сот медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Ғайыпбаевтың атына берілген медициналық құжаттардың деректері бойынша келесі диагноз қойылған: жабық ми жарақаты, бас мидың шайқалуы, басты желке бөлігінің қанталауы, кеуде мүшелерінің жабық жарақаты, оң жақтағы бөкседегі бірнеше сұғылған-кесілген жара, бет, маңдай, шынтақ, тізенің көгеруі түріндегі дене жарақаттары анықталды», – деді прокурор.
Судья Ержан Жанұзақов 9 сотталушыдан айыптау актісіндегі тағылған айып бойынша кінәні мойындайтын немесе мойындамайтынын сұрады.
Айыпталушылардың бесеуі кінәсін толық мойындаудан бас тартты, қалғаны ішінара ғана мойындады. Сотталушыларға адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, қарумен бұзақылық жасау, ұрлық және қылмыс туралы хабарламау баптары бойынша айып тағылған.
Адам өлтіруге оқталды деп айыпталған Равиль Сакиев, сондай-ақ қару қолдану арқылы бұзақылық жасағаны үшін айыпталған Дархан Аскентай, Дидар Калиахмет және Нұрқияс Ільясов өз кінәсін толық мойындамады.
Шыңғыс Белғожаев пен Нұрбол Тоқтаубаев бұзақылық жасағандарын мойындағанмен, қару қолданғандарын жоққа шығарды. Ал ұрлық жасады деп айыпталған айыпталушы Азамат Тоқтаубаев бұл айыпты мойындамайтынын жеткізді.
Кәмелетке толмаған айыпталушы Думан Ысқақов болса, қылмыс туралы хабарламағаны үшін тағылған айыпты мойындамайды.
Ал айыпталушы Абзал Шынасылов Шерзат Полатқа қатысты адам өлтіруге оқталу айыбын мойындамайтынын, бірақ оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевқа қатысты жасаған әрекеттерін және бұзақылық әрекетін мойындайтынын айтты.

Сондай-ақ сот іс материалдарын зерттеу тәртібін бекітті: бірінші кезекте жәбірленушілер, содан кейін куәлер, одан соң – сотталушылар сұралады.
Әрбір сұралған тұлғаға қатысты тиісті іс материалдары зерттеледі.