13 Желтоқсан 10:32
...

Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу аяқталуға жақын

Шерзат Болат
Фото: ғаламтордан

Бұл туралы Алматы облысы прокуратурасы хабарлады. 

Алматы, NEGE. Алматы облысы прокуратурасының мәліметі бойынша, жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, барлық күдіктілер ұсталды.

«Алматы облысының прокуратурасы Ш. Болатты өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеудің аяқталуға жақын екенін хабарлайды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, барлық күдіктілер ұсталды. Қазіргі уақытта сараптама нәтижелері күтілуде. Сараптама қорытындысынан кейін іс процестің қатысушыларына танысу үшін беріледі. Сонымен қатар, К. Нұрымовтың үйін өртеу және Н. Ғайыпбаевтың өз-өзіне қол жұмсауы бойынша қылмыстық істердің тергелуі Бас прокуратураның бақылауында екенін хабарлаймыз. Қоғамды жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырамыз. Уәкілетті органдардың тек ресми мәлімдемелеріне сенім білдіруді сұраймыз», – делінген хабарламада. 

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапты. Жақында оның ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі бейіт маңынан табылған болатын. Алдын ала болжам бойынша ол өз-өзіне қол жұмсаған. Сонымен қатар Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың 15 тәулікке қамалғаны белгілі болды.