Шенеуніктің әйелі алкотестен өтуден жалтарып, 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды
Павлодар соты Еңбек мобильдігі орталығының директоры Меруерт Есембаеваны кінәлі деп таныды.
Астана, NEGE. Тергеу материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 22 ақпанға қараған түні Меруерт Есембаева қызметтік Chery Tiggo 7 Pro көлігімен келе жатып, полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған. Кейін полиция соңынан қуып тоқтатқанымен, ол алкогольдік тексерістен өтпеген.
Меруерт Есембаева – Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаевтың жұбайы. Ол ресми түрде декреттік демалыста жүргеніне қарамастан, қызметтік көлікті жеке шаруасына пайдаланған.
Сотта Есембаева мен қорғаушылары оның кінәсіз екенін дәлелдемек болды. Айтуынша, ол өзін нашар сезініп, алкотестерді үрлей алмаған. Алайда полиция қызметкерлерінің бейнежетондарындағы және медициналық тексеру орталығындағы камералардағы жазбалар мүлде басқа жағдайды көрсеткен: айыпталушы өзін әдепсіз ұстаған: дәрігердің қолын итеріп, бейәдеп сөздер айтқан, медицина қызметкерінен «Сен кімсің өзі?» деп сұрап, наркологқа құрылғыны өзі үрлеуін ұсынған.
Бұған қоса полицейлерге берген жауабын өзгертіп отырған: алдымен «оң жақ бүйірім ауырып тұр» десе, кейін сол жағы ауыратынын айтып, куәгерлерді шақыруды талап еткен және үйде балалары күтіп отырғанын айтып, сытылып кетпек болған.
Соңында ол өзіне жедел жәрдем шақыртып, алкогольдік тексеруден өтпестен ауруханаға кетіп қалған. Полиция қызметкерлері сотта көліктің іші ретсіз болғанын, ішінде сыраның ашық құтысы мен чечил ірімшігі болғанын мәлімдеді.
Сот бейнежазбаларды зерттеп, шенеунік әйел тексерістен жалтару үшін ауырғандай болып көрінген деген қорытындыға келді.
Кәмелетке толмаған төрт баласы болғандықтан, Есембаеа қамауға алынбады. Алайда сегіз жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Судья Адамжанова Павлодар облысының әкіміне де жеке қаулы шығарды. Өңір басшылығына бір ай ішінде мемлекеттік мекеменің көлігі декреттегі қызметкердің қолына қалай түскенін анықтап, соған жол берген адамдарды жауапкершілікке тарту тапсырылды.